"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарҚоғам

ЖАСТАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК КӨП

12 тамыз — Халықаралық Жастар күні. Бүгінде Хромтау ауданында 14 пен 35 жас аралығында 13 848 жас бар. Оның 9 139-ы — қала, қалғаны — ауыл жастары. Атаулы күнге және аудандық жастар ресурстық орталығының 10 жылдығына орай ауданда ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Осы тақырыпқа байланысты біз Хромтау аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Қарлығаш Өмірзаққызымен сөйлескен едік.

— Орталықтың негізгі мақсаты — жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту, олардың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру. Жастар бастамаларын ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүймелдеу, жастар арасындағы ахуалға мониторинг және талдау жасау. Сонымен қатар аудан жастарының бос уақытын тиімді өткізу, нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау — біздің басты мақсатымыз. Осы бағыттар бойынша бірінші жартыжылдықта орталықтың ұйымдастыруымен түрлі деңгейде 67 іс-шара өткізіліп, оған 3 513 жас қатыстырылды. Жастар бастамаларын қолдау мақсатында аудан бойынша әр мектепте волонтерлық ұйымдар ашылды. Бүгінгі таңда орталық «Өзіңе сен» қоғамдық бірлестігімен, Дөң тау-кен байыту комбинатының, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің жастар кеңестерімен және барлық ұйымдармен тығыз жұмыс жасайды, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Қарлығаш Өмірзақова.

Ауданда 15 пен 35 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі — 0,2 пайыз. Жұмыспен қамту органдарына 288 жас тіркелген. Орталық басшысының айтуынша, жастарды жұмыспен қамту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

— Ауданда жастар жұмыссыздығының алдын алу және жұмыспен қамту деңгейін арттыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атқарылып жатқан іс-шаралар жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге ықпал ету арқылы жастар арасында жұмыссыздықтың өсуіне жол бермейді. Мемлекеттік қолдау шараларын қолданбастан 373 жұмыссыз жас тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жыл басынан бері орталықтың ықпалымен 3 жас тұрақты жұмысқа тұрды. Жұмыссыз жүрген түлектер мамандығы бойынша тәжірибе жинақтау мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына да қатыстырылып жатыр. Бүгінде осындай 22 жасқа жолдама берілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 174 жұмыссыз жас орналастырылса, уақытша сипаттағы қоғамдық жұмыстарға 136 жас жіберілді. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 2 жұмыссыз жас 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грантқа ие болса, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 9 жас маман жұмысқа қабылданды. Жыл басында 14-35 жас аралығындағы NEET (Not in Empoloyment, Education or Training — еңбектенбейтін, білім алмайтын және тренингке де қатыспайтын жастар категориясы) санаты бойынша жастар саны — 44. Оның ішінде бала күтімімен 25 жас, тіркелмеген жұмыссыз 19 жас бар, — дейді орталық басшысы.

Жаз айларында жастарды маусымдық жұмыспен қамту мәселесі де оңтайлы шешімін тапқан. Мердігер компаниялар арқылы жастар еңбек етіп жүр.

— Жастардың жұмыспен қамтылуы бойынша Хромтау аудандық жастар ресурстық орталығы «Атамекен» студенттік отрядтарының жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесе биыл жаңа еңбек кезеңінде жастарды еңбекке баулу, қайраткерлікке тәрбиелеу, жұмысқа ынталандыру мақсатында 16 мен 35 жас аралығындағы жастардан құралған студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастырып отыр. «Атамекен» студенттік отрядтарының жастар қоғамдық бірлестігі аудандағы мердігерлермен келісімшарт жасау арқылы, жастарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Олардың жалақысының көлемі — 150 000 теңге. Қазіргі таңда «Самғау» мердігер компаниясымен жасалған келісімшарт арқылы маусым айында — 10 жас, шілдеде — 5 жас, тамызда 25 жас маусымдық жұмыспен қамтылды, — дейді Қарлығаш Өмірзаққызы.
Аудандық жастар ресурстық орталығы пробация есебінде тұрған жастарды да назардан тыс қалдырмайды. Жастықпен жаза басқан жандарды қоғамға бейімдеу бағытында да жұмыс жасап келеді.

— Пробация есебінде тұрған жастарды әлеуметтендіру мақсатында ауқымды іс-шаралар да ауданымызда ұйымдастырылады. Биыл пробация тізімінде тұрған 14 пен 35 жас аралығындағы 29 жаспен тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұндай топтағы жастар жалғызбасты аналар мен қарттарға көмек қолын созып, ауладағы тазалық жұмыстары мен экологиялық акцияларға, спорттық шараларға белсенді атсалысады. Мәселен, орталықтың ұйымдастыруымен жыл басынан бері пробация есебіндегі жастармен түрлі деңгейде 10 іс-шара өткізілді. Оның ішінде «Эмоция және мінез-құлық», «Шағын футбол», «Таза қала» акциялары және тағы басқа шаралар бар, — деді орталық басшысы.

Бүгінде Хромтау жастары үшін өз-өздерін тұлғалық дамытуға барлық жағдай жасалған. Аудан жастарына жаңа мүмкіндіктер көп. Өткен жылы Хромтау ауданы әкімдігінің қолдауымен орталыққа аудан бюджетінен 16 млн. теңге бөлінген. Қазір аудан орталығында жастарға арналған коворкинг орталығы жұмыс жасайды.

Қазіргі таңда орталықта аудан жастарының уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі бағытта іс-шаралар өтеді. Онда аудан жастары үшін барлық жағдай жасалған. Оған кез келген 35 жасқа дейінгі аудан тұрғындары келіп, өзінің бос уақытын тиімді өткізуге болады. Сонымен қатар биыл Хромтау аудандық жастар ресурстық орталығына 10 жыл толуына байланысты және Халықаралық Жастар күніне орай «Hromtay Camp-2024» облыстық этнолагерін ұйымдастыру жоспарда бар. Сондай-ақ айтулы мерекеге орай арнайы жоспар әзірленіп, аудандық деңгейде түрлі іс-шаралар жастар үшін жүзеге асырылатын болмақ.
Қазіргі таңда аудандық жастар ресурстық орталығында 11 адам жұмыс жасайды.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ