"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Саясат

ЕЛ ЕРТЕҢІ – ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР

Өткен жылы Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке орналасуда артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік қызмет туралы заңға қажетті түзетулер енгізілді.

Сондай өзгерістердің бірі — мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалуы.

Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке тарту, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді. Яғни, жоғары оқу орындарын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқу нәтижесі 3,33 GPA-дан жоғары көрсеткішпен аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстан өтпей, уәкілетті органның келісімі негізінде тағайындалады.

Осы енгізілген жаңашылдық нәтижесінде қазіргі таңда республика бойынша 200-ге жуық түлек, оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша 13 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі, басшылық емес лауазымдарға конкурссыз қабылданды, соның бірі Хромтау ауданы Қопа ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Назерке Темірбекқызы Мұрат.

ҚР Конституциясы күні қарсаңында Хромтау ауданы әкімдігі ұйымдастырған салтанатты шарада мемлекеттік қызметке конкурссыз тікелей тағайындалған жас мемлекеттік қызметші Мұрат Назерке қатысып, ел игілігі жолында аянбай еңбектеніп, халқына адал қызмет етуге ант берді.

Шара барысында «Осы жылы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетін бағдарламалық инженерия мамандығы бойынша аяқтадым. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орындарын үздік аяқтаған түлектер үшін мемлекеттік қызметке конкурссыз тікелей тағайындау бағдарламасы туралы естіп, бұл деген туған жеріме қызмет ету үшін өзіме берілген мүмкіндік деп түсіндім. Барлығын нақты сұрастыра келіп, керекті құжаттарды тапсырып, өткен жылдың тамыз айында Қопа ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып қабылдандым.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында: «Қазақстан — дарынды жастар мекені, жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі» екенін атап өткен болатын. Сол қолдаулардың бірі — жоғарғы оқу орнын үздік бітірген түлектерді мемлекетік қызметке конкурссыз тікелей тағайындау. Бұл мемлекет тарапынан жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.

Мемлекеттік қызмет – жүгі мол, үнемі дамуды қажет ететін жұмыс. Бір жылға жуық уақыт өтсе де жұмыстың қыр-сырын танып, үйреніп жүрмін. Көп ұзамай өз ісімнің маманы болып, толықтай машықтанып кететініме сенімдімін», — дейді жас маман Н.Мұрат.

Ендеше, мемлекеттік қызметке қабылданған жас маманға ел игілігі жолындағы қызметіне сәттілік пен табыс тілейміз!

Д.Баймағанбетова,

Хромтау ауданы әкімі аппаратының Персоналды басқарудың бірыңғай қызметінің (кадр қызметі) басшысы

ПІКІР ЖАЗУ