Биыл елімізде алғашқы шойын жолдың құрылғанына 120 жыл толды. Ел экономикасына тигізер оң ықпалы мен зор әлеуетін дәлелдеген көлік инфрақұрылымының ірі саласы — тоғыз жолдың торабы теміржол қашанда логистикалық және стратегиялық маңызы бар алпауыт күш. Жылдан-жылға тынысы кеңейіп жатқан «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның жолаушылар тасымалы қызметі де еліміздің ішіндегі барлық бағытты қоса алғанда, көршілес мемлекеттерге де сенімді сапар жасап келеді.
Ауданымыз да теміржол табанының тірегі десек қателеспейміз. Әсіресе, Никельтау жол дистанциясы кәсіпорындар игеретін шикізаттарды тасымалдауда және солтүстік пен орталық өңірді батыспен байланыстырып жатқан маңызды аймақтардың бірі. Бүгінде Қайрат Танабергенов басшылық ететін аталмыш ұжым кәсіби мереке қарсаңында ауданымыздағы жалғыз ҰОС ардагері Василий Грецкийді мерейлі мерекемен құттықтап барды. Себебі, ардагер ақсақал соғыстан кейін Шу қаласында паровоз, локомотив секілді машиналарды жөндейтін слесарь болған екен. Кейін зейнетке шығып, бүгінде соғыстан бөлек аталмыш саланың да абыз ардагері болып отыр.
Мерейлі мерекеде ақсақалдың батасын алуға Никельтау жол дистанциясы бастығының орынбасары Айдар Сейтенов пен кәсіподақ төрағасы Есенбол Оразовтар бой көрсетті. Соғыстан кейінгі қиыншылықтар мен жұмысының жауапкершілігін есіне алған ақсақал бүгінде жүрдек пойызбен жиі жүретінін айтып, өзіне үнемі ерекше құрмет көрсететінін алға тартып, алғысын жаудырды.
— Барлық теміржол саласының мамандарын айтулы мерекесімен құттықтаймын. Темірдей төзімді қажет ететін қызметте денсаулықтарыңыз болаттай берік, отбасыларыңыз аман болсын! Елімізде тек жақсылық орнасын! — деген ақсақал өз ризашылығын білдірді.
Теміржол — адамның қан тамыры секілді. Үздіксіз қозғалыста болады. Соның арқасында жоғарыда атап өткендей, экономиканың барлық саласы құлаштап дамиды. Оған дәлел — «Хромтау-Алтынсарин» секілді ірі инновациялық жобалардың көрсеткіші. Сондықтан, темір жолдың өткені мен бүгіні көңіл қуантса, ертеңі ел үміті болмақ.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА