"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Дін

КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің жұмыс жоспарына сәйкес республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы Хромтау ауданына арнайы келді. Топ мүшелері аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Олардың қатарында Астана қаласы «Діндерді зерттеу орталығы» ЖШС-нің теолог маманы Мейірбек Қалманов, Ақтөбе қаласы «Ихсан» орталығы қоғамдық бірлестігінің исламтанушысы Азамат Аманкелдиев және орталық басшысы Сұлтан Жидебаев болды. Олар ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында Ақжар, Бөгетсай ауылдық округтерінің тұрғындарымен «Зайырлы қоғам және мемлекет дамуының зайырлылық принциптері» және «Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтар» тақырыптарында кездесулер өткізіп, ауыл тұрғындарының діни сауалдарына жауап берді.

Сонымен қатар Хромтау қаласында медицина саласының қызметкерлеріне, төтенше жағдайлар мен тау-кен құтқару жасақтарына жат ағымның алдын алу бойынша ақпарат беріп, «Кеншілер» мәдениет үйінде қала тұрғындары мен жастарға осы бағытта түсіндіру іс-шараларын жүргізді. Кездесу барысында соқыр сеніммен соғысқа кеткен отандастарымызды елге қайтарған арнайы «Жусан» операциясы туралы көп талқы болды. Мәселен, адасқандардың ең алдымен Конституцияда белгіленген діни бостандықты алға тартып, көп сұрақтан жалтаратынын жеткізді. Одан бөлек, дінтанушылар діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы заңнамалар жайына да кеңірек тоқталды. Еліміздегі конфессияаралық діни көзқарастар мен рұқсат етілетін және оған қарама-қайшы бірлестіктер мен ағымдарды толық сипаттап берді. Асыл дінімізді жат пиғылды жандарға қорлатпауды және үлгілі жағдайда насихаттауды көздеген кездесуде ақсақалдар да ұлттық дәстүрмен сабақтасқан діни салттарымызды ұмытпау керектігін айтты.

Жат ағымның жаңа белгілерін, алдын алу шараларын түсіндірген кездесудің екінші бөлігі сұрақ-жауаппен жалғасты. Мәселен, хромтаулық Алина Жарқымбева ғаламтордағы діни ақпараттық порталдардың сараптамалық жұмыстарына тоқталды.

— Жастардың басым бөлігі әлеуметтік желіні көп қолданатындықтан, ағартушылық, түсіндіру секілді жұмыстарды онлайн бағытта күшейту қажет, — деген Алинаның пікірін теолог мамандар қолдады.

Әлеуметтік желідегі ресми ақпарат тарататын парақшалардан ғана ақпараттану заңдылық екені түсінікті. Алайда ай сайын бірнеше сайттарды бұғаттап та жатқанын айтқан теологтар, ғаламтордың да айласы көп екенін алға тартып, тұрғылықты жердегі мешіт имамдары да ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді.

Халықтың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табары анық. Еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығы да осындай келелі кездесулердің жемісі деп білеміз.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ