Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде елімізде кеншілердің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Бұл мерекенің хромтаулықтар үшін алар орны ерекше. Осынау айтулы күннің қарсаңында кеншілердің еңбегін ұлықтауға және олардың қоғамдағы маңыздылығын көрсетуді мақсат еткен «Болашаққа көз тігіп» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов, «ҚазХром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев, Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Нұрлан Саринжипов, кәсіпорын қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты. Мерекелік кештің жүргізушілері өңірімізге танымал өнер адамдары Нұржан Оразов пен Гүлжан Әліш болды.
Кештің ашылу салтанатында Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов құттықтау сөз сөйлеп, кеншілерге шынайы алғысын білдірді.
– Хромтау ауданында, соның ішінде Дөң тау-кен байыту комбинатында 8 мыңнан аса азамат еңбек етеді. Яғни әрбір отбасының кен орындарында жұмыс істейтін жақын адамы бар, – деді Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов. – Осы орайда кеншілердің аналарына, асыл жарларына, отбасыларына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің қолдауларыңыз – кеншілер үшін өте маңызды. Біздің кеншілеріміз – Хромтаудың ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Қазіргі таңда, сіздердің қажырлы да адал еңбектеріңіздің арқасында еліміздің жарқын болашағы, қуаты мен тұрақтылығы қалыптасуда. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс білдіре отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін!
Мерекелік кеш барысында 300-ден аса қызметкер облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарына, корпоративтік, салалық марапаттарға ие болды. Оның ішінде кәсіпорын ардагерлері да бар.
– Барлық әріптестерімді, Дөң тау-кен байыту комбинатының шахтерлері мен өзге де кәсіп өкілдерін мерекелерімен құттықтаймын. Ең алдымен сала ардагерлеріне ерекше алғысымды айтқым келеді. Сіздердің еңбексүйгіштіктеріңіз бен табандылықтарыңыздың арқасында біз 86 жылдық тарихы бар кәсіпорынға айналып отырмыз, – деді «Қазхром» ТҰК АҚ бас директоры Сергей Прокопьев. – Шахтерлер жұмысының ауырлығын жай сөзбен бағалау мүмкін емес. Компанияның алдында маңызды міндеттер мен өршіл мақсаттар тұр. Олардың бірі – жаңа шахтаның іске қосылуы. Сіздердің қолдауларыңызбен, кәсібиліктеріңізбен біз бұған да қол жеткіземіз.
Кештің сәнін Қазақстан эстрадасының жұлдыздары The Jigits, Жанар Дұғалова және Садраддин келтірді. Онымен қоса кәсіпорынның сегіз қырлы, бір сырлы қызметкерлері де өз өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің көзайымына айналды. Олардың орындауындағы әсерлі әндер көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлап, кештің көркін арттыра түсті. Мерекелік кеш қала тұрғындарына арналған отшашумен аяқталды.
Хромтау кеншілерінің еңбегін құрметтеп, олардың кәсіби мерекесін кеңінен атап өту – аудан тұрғындары мен кеншілер үшін үлкен мақтаныш. Бұл шара кеншілердің еңбегінің ел дамуына қосқан үлесін тағы бір рет еске салып, болашаққа деген үміт пен сенімділікті нығайтты.
Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ