"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Спорт

«ӘЛИЯ» КЛУБЫ — ЕЛ ЧЕМПИОНЫ!

Тамыз айының 12-19 аралығында Орал қаласында 2008-2009 жылы туған қыздар арасында волейболдан ел біріншілігі өткізілді. Байрақты бәсекеге облыс құрамасын жерлес «Әлия» волейбол клубы бастап барды.
Құраманың бас бапкері Ринад Ерғазиннің айтуынша, бұл жазғы чемпионат алдағы халықаралық турнирлерге тамаша дайындық болған. Себебі жазғы демалыс кезінде ойыншылар өздерінің жоғары дәрежедегі бабын жоғалтып алған.

—​Біріншіліктің басты пайдасы — комбинациялық жүйелі ойындарды жүргізуде ойыншылардың позициялық бағыттарын дәл анықтауда септігі көп болды. Либера, байланыстырушы секілді маңызды позициялық ойыншылардың жетіспеушілігін байқадым. Осындай кемшін тұстар бойынша жаттықтырушыларға тапсырма жүктедім, — дейді бас бапкер.

Қостанай, Павлодар, Маңғыстау секілді еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 11 құрама өзара топқа бөлініп, жарыс мықтысын анықтады. Топтық және ақтық кезеңде де сүрінбеген волейболшыларымыз ел чемпионы атанды.
Аталмыш клубтың аға жаттықтырушысы Қуаныш Төлебай — қыздар волейболының қыр-сырын меңгерген білікті бапкер. Себебі оның алдына ел біріншілігінің медалін иелену емес, ел құрамасына сапалы ойыншылар дайындау міндеті қойылған.

—​Өз клубымызға ойыншыларды іріктеу деңгейі ел біріншілігі секілді жоғары дәрежеде өтеді десем қателеспеймін. Әр ойыншының физикалық қабілетін, дене бітімін ескере отырып, оқу-жаттығу жұмыстарын жасаймыз. Бұл жолғы жарыс оңайға түспеді. Себебі барлық қарсылас команда тиянақты дайындықпен келген. Алайда қажырлы еңбек пен төккен тер өз нәтижесін берді, — деді ол.

Үнемі жоғары нәтиже көрсетіп жүрген «Әлия» волейбол клубына жергілікті билік тарапынан демеушілік көрсетіліп келеді. Тұрақты қолдау арқасында волейболшыларымыз ел құрамасы сапында да, құрлық біріншілігінде де тамаша ойын өрнегін көрсетіп, жүлдеге ілініп жүр.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ