Амандық ҒАББАСОВ, Хромтау электр желілері стансасының басшысы:
Қазір еліміздің болашағы үшін өзекті мәселе халық талқысына салынып жатыр. Бұл — елімізде атом электр стансасын салу. Бүгінде бұл тақырыпты жан-жақты түсіндіру мақсатында сарапшылар, ғылыми мамандар семинарлар, оқытулар да жүргізіп жатыр. Осындай семинарлардан ұққанымыз — еліміз мұнай мен табиғи газдың ірі өндірушісі бола отырып, әлі де жаңа энергия көздеріне мұқтаж. Сондықтан біздің мемлекетіміз энергетика секторын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында атап кеткендей, қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын.
Ең бастысы — атом энергетикасы экономиканың маңызды қозғалтқышына және жоғары технологиялық сектордың локомотивіне айналады. Іргелес салалар үшін орасан зор мультипликативті әсер береді және ғылыми зерттеулердің өсуіне әкеледі. Осылайша атом электр станцияларын салу және пайдалану озық технологияларды, инновацияларды және ІТ шешімдерді енгізуді талап етеді.