Аудандық мемлекеттік архивте «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, аудан тұрғындарына архивтегі ақпараттармен танысуға толық мүмкіндік жасалды.
Аталған шараға Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің студенттері мен №5 Хромтау гимназиясының білім алушылары және №1 Хромтау орта мектебінің оқушылары, аудан тұрғындары қатысып, мұрағатты аралап көрді. Келушілер 1907-1936 жылдардағы шіркеу кітаптары, 1930 жылдардағы ескірген еңбек кітапшалары, 1929-2020 жылдардағы істер тізімдемесі сияқты қолда бар құжаттармен танысып, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағынан архив анықтамаларын алу үшін өтініш беру жолдарын терең меңгеріп, оқу залымен танысты.
– «Хромтау аудандық мемлекеттік архиві» КММ «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында «Ашық есік» күнін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Биылғы шараға келушілер мұрағат жұмысымен танысып, сақталған құжаттарды өз көздерімен көрді. Олардың қатарында студенттер, оқушылармен қатар аудан тұрғындары да болды, – дейді аудандық мемлекеттік архивтің директоры Тания Есенбаева.
Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА