"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

КӘСІПОДАҚ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Қазақстан кәсіподақтар күні мерекесіне орай Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының ұйымдастыруымен «Үздік кәсіподақ көшбасшысы – 2024» байқауы өткізілді.

Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен беделін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің кәсіби мүдделерін, еңбек құқықтарын қорғауды жандандыру мақсатында өткен сайысқа қатысқан көшбасшылар өз ұжымында атқарылып жатқан кәсіподақ жұмысы туралы видеоролик дайындап, еңбек заңдылығы мен ұжымдық шарт және тағы да басқа сұрақтарға жауап беріп, өз өнерлерін көрсетіп, өзара бақ сынасты.

Сайыс қорытындысына сай №1 Хромтау орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Салтанат Оразбаева жүлделі бірінші орынды жеңіп алып, «Үздік кәсіподақ көшбасшысы» сайысының облыстық кезеңіне жолдама алды. Екінші орынды Аққұдық орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Д.Сағидуллина қанжығаласа, үшінші орынды Қызылсу орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Л.Қажығалиева иеленді.

Сайыс соңында белсене қатысқан барлық төрағаларға аудандық кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттары мен сыйлықтары табысталды.

«Хромтау-ақпарат»

ПІКІР ЖАЗУ