"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ЖОБАНЫҢ ЖЕМІСІ

Хромтау ауданының ең жақын орналасқан ауылдық округтерінің бірі — Дөң ауылы. Мұнда 3200-ден астам халық тұрады. «Ауыл Аманаты» жобасы басталғалы тұрғындар өз кәсіптерін ашып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, жобаның игілігін көріп келеді.
Ауылдың дамуына серпін берген жоба туралы ауыл әкімі Ербол Аққұлов былай дейді:
— «Ауыл Аманаты» жобасы басталғалы ауыл тұрғындары кәсіпке бет бұрып, жұмыс жасап келеді. Жобаның жемісін көрген ауылдағы ағайын бүгінде автомобиль жөндейтін орталық, екі наубайхана, екі құс өсіру жобасын жүзеге асырып жатыр. Сондай-ақ осы жоба бойынша екі құс өсіруші несиелерін жауып үлгерді, — дейді ол.
Ауыл әкімінің айтуынша, ауылда жобаға қатысуға ниет еткен онға жуық адам оң шешім күтіп отыр.

Нұрымның қызмет көрсету орталығы

Ауылда өз кәсібін ашып, жобаның игілігін көрген жанның бірі — Нұрым Есенов. Ол «Ауыл Аманаты» жобасы арқылы 2,5 пайыз жеңілдетілген несие алып, көлік жөндеу орталығын іске қосты.
— Отбасым шағын, үш балам бар. Дөң ауылында тұрамыз. Өзім Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс жасаймын. Көлік жөндеумен бұрыннан айналысамын. Арнайы орын болмағандықтан, көліктерді аулада жөндеуіме тура келді. Демалысымда көлік жөндегенді жақсы көремін. «Ауыл Аманты» жобасына қатысып, нәтижесінде көлік жөндеу орталығын іске қостым. Қазір жеке кәсібімді жұмыспен қатар алып жүрген жәйім бар, — дейді Нұрым Есенов.
Ол өз сөзінде мемлекет тарапынан беріліп жатқан мұндай қолдаудың ауыл тұрғындар үшін тиімділігі өте зор екенін айтты.
— «Ауыл Аманаты» жобасы туралы естігеннен кейін, аудан орталығындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Хромтау аудандық филиалының директоры Ұлан Жаналинге жолығып, толық ақпарат алдым. Сол кісінің сүйемелдеуімен құжаттарымды өткен жылдың тамыз айында тапсырдым. Қыркүйек айында 7 миллион 850 мың теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткіздім. Көлік жөндеу орталығын ашуға ол қаржы жетпей, үстіне 1,5 миллион теңге қосымша несие алдым. Солай өз кәсібімді бастадым. Құжат дайындауда қолдау көрсеткен палата басшылығы мен ұжымына алғысым шексіз, — дейді кәсіп иесі.

Қосымша табыс артық етпейді…

Қазір өз иелігіндегі көлік жөндеу орталығында түрлі техникаларды жөндеп, іске қосып отырған Нұрым Есеновтің бұл қызметіне ауылдастары риза.
— Көлік жөндеу орталығы — кең сұранысқа ие қызмет көрсету орындарының бірі. Бүгінде тұрақты келушілерім бар. Ең бастысы — мен солардың сенімінен шыға білуім керек. Бұл — отбасымды асырауда мен үшін қосымша табыс көзі. Сондықтан әрбір жасаған ісіме асқан жауапкершілікпен қарауға тырысамын, — деді кәсіп бастаушы.
Халық игілігіне арналған «Ауыл Аманаты» жобасының арқасында кәсіп ашқан кейіпкеріміз жеке кәсіп бастау үшін мемлекеттің қолдауына сүйену керектігін айтады.
P.S. Ауыл әкімінің айтуынша, «Ауыл Аманаты» жобасы Дөң ауылының кірісін арттырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға ықпал ете бастады.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА.

ПІКІР ЖАЗУ