Сапа
Биылғы Жолдауда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердегі жолдардың жөнделуін бақылау үшін платформа құруды тапсырған еді.
Ақтөбе облысы алғашқылардың бірі болып BIRGE PROJECT бірегей электронды бақылау жүйесін таныстырды, ол автожолдарды жөндеу мен салудың барлық процесін бақылауға мүмкіндік береді.
Цифрлық платформаның ерекшеліктері туралы BIRGE салалық кластерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Арман Евниев айтып берді.
— Бірыңғай платформаның арқасында жобаны әзірлеуден бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі жөндеу жұмыстарының бүкіл процесін бақылауға болады. Оның ішінде нақты уақыт режимінде нысанның өзіне бармай-ақ, жөндеу жұмыстарының барысын онлайн режимінде көре алады. Яғни мердігер ұйымның республикалық маңызы бар тасжол болсын немесе қаладағы жол бөлігі болсын, жолды қалай жөндеп жатқаны көрсетіледі. Платформада жобаның бюджетімен де танысуға болады, — деп түсіндірді.
Арман Евниевтің айтуынша, алдағы уақытта жүзеге асырылып жатқан жобаларға қоғамдық бақылауды күшейту үшін депутаттар, партия мүшелері, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері тартылмақ.
— Қазір Ақтөбе облысында бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін жолдарды жөндеу және салуға қатысты 112 жоба іске асырылып жатыр. Осы 112 жобаның барлығы жүйеге енгізілген. Платформаға кіріп, жұмыстың қалай жүріп жатқанын рұқсат етілген азаматтар көре алады. Деректерді жүйеге мердігер ұйымның өкілі енгізеді. Платформада мердігердің өзі туралы ақпаратты, оның қазіргі уақытта қанша жоба жүргізіп жатқанын және жұмысты қаншалықты орындайтынын біле алады. Әрбір мердігер ұйымның рейтингін бірден қоюға болады, — деді Арман Евниев.
Бүгінде жүйеге 2025 жылға жоспарланған жобаларды енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Пайдаланушылар жобаны әзірлеу қай кезеңде іске асырылып жатқанымен танысып, өз пікірлерін айта алады. Цифрлық платформада облыстағы барлық жобалар туралы мәліметтер көрсетіледі.
Сондай-ақ онлайн режимінде құрылыс алаңына барып, жұмыстар туралы толығырақ білу мүмкіндігі бар.
— Халық жөндеу жұмыстарының мерзімі мен сапасына жиі шағым айтады. Осы жүйенің арқасында біз өтініштерге жедел жауап бере аламыз, мердігерлердің жұмысын бақылай аламыз және жұмыстарды орындаудағы кешігу мен кемшіліктердің алдын аламыз. Цифрлық платформа процесті белсенді бақылауға және жөндеудің әрбір қадамынан хабардар болуға септігін тигізеді, — деген облыс әкімі Асхат Шахаров бақылау жүйесінің артықшылықтарын атап өтті.
Әзірлеушілердің айтуынша, аталған платформада әкімдер, басқарма басшыларының рейтингі жүргізіледі. Пайдаланушылар басшылықтағы лауазымды тұлғалардың қызметіне баға бере алады.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.