Өткен аптада хромтаулықтар «Таза өлке» акциясына жұмыла кірісті. Акцияға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерімен қатар аудан тұрғындары да атсалысып, қала тазалғына үлес қосты.
– Бүгін өзгелермен бірге біз де өз қаламыздың тазалығына үлес қосу үшін сенбілікке шықтық. Қазір күз. Жапырақтар мен қоқыстарды тазалап, айналамызға көңіл бөліп жатырмыз. Барлық аудан тұрғындарын қоршаған ортаға бей-жай қарамай тазалық жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын, – дейді қала тұрғыны Батырхан Сарбасов.
Сенбілікке жауаптылардың айтуынша, 2 520 адам қатысуымен өткен «Таза өлке» акциясына 22 арнайы техника тартылып, 15 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылған.
Тазалық жұмыстарының нәтижесінде қаладағы бағандар әктеліп, аумақты қоқыстан, құрғақ жапырақтардан тазарту, ағаштарды түптеу сынды жұмыстар атқарылды.
Табиғатқа жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаның тазалығын сақтау аудан тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал ететіні анық.
Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА