AMANAT партиясының аудандық филиалында Мансап орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеге түрлі сала өкілдері қатысып, бос орындар ұсынды. Тіпті, пробациялық есепте тұрған азаматтар үшін де әлеуметтік еңбек құқықтары негізінде тікелей жұмыс берушілермен кездесуге мүмкіндік алған тұрғындар өз мамандықтары бойынша жұмыс орнын таңдауға мүмкіндік алды.
Мансап орталығы өкілдерінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері ауданымызда 167 жұмыссыз адам тіркелген. Аталмыш орталықтың бас маманы Мархабат Нуралина да бос жұмыс орны жәрмеңкесінде 20-ға жуық тұрғынға кәсіби бағдар беріп, тұрақты жұмыс табуға көмек қолын созған.
— Осы ретте ұйымдастырылған жәрмеңке жұмыссыздық мәселесін шешуге және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды қадам болды. Мәселен, жергілікті кәсіпорын өкілдері жүк көлігінің жүргізушісі, слесарь, жонушы секілді жұмыс орындары ұсынылды. Одан бөлек, комуналдық және мектепке дейінгі білім беру мекемелері де қалыс қалмады,- дейді ол.
Мансап орталығы жұмыс іздеушілерге арналған дәстүрлі жәрмеңкелерді ұйымдастыруды жалғастырады. Бос жұмыс орындары мен жәрмеңкелер туралы толық ақпаратты әлеуметтік желідегі ресми парақшалардан көре аласыздар.