"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ЭТНОСАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ — ЖАНКЕШТІ ЕҢБЕКТІҢ НӘТИЖЕСІ

Әмина Демеуова, аудандық аналар кеңесінің мүшесі:

— Президентіміздің Ассамблеяның кеңейтілген ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзін бір деммен тыңдадым. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы — еліміздің тәуелсіздік жылнамасындағы ерекше маңызы бар тарихи кезең екенін айтты.  Бұл ұйымның басты мұраты — Қазақстанды мекендеген барлық этностарды бір шаңырақ астына біріктіріп, қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтау.

Ассамблеяның үш онжылдықтағы қызметі ел ішінде өзара сыйластық пен түсіністіктің тереңдей түсуіне зор ықпал етті. Сондықтан бұл мерейтой — барша азаматтың ортақ жетістігі, бейбітшілік пен келісімнің нышаны. «Этносаралық қатынастар мен ұлттық бірліктің бүкіл құрылымы «Біз — әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген мызғымас қағидаға негізделген. Мемлекет азаматтардың ұлтына, діни нанымына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамай, бәріне бірдей әділ әрі тең жағдай жасайды. Бұл — мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы», — деді Президент.

Мемлекетіміздің бірлік жолындағы табыстары — этносаралық келісімді берік ұстанған азаматтарымыздың жанкешті еңбегінің нәтижесі. Мұндай жандарға деген құрметіміз – елдік сананың, рухани тұтастықтың көрінісі.

Аналар — отбасының тірегі, қоғамның ұйытқысы. Ел ішінде татулық пен тыныштық орнаса, отбасы берекесі де артады. Біз өз тарапымыздан балалар мен жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, бейбіт өмірді бағалауға үйретуді жалғастыра береміз.

ПІКІР ЖАЗУ