Қуандық РЕЙМОВ, «Хромтау» газетінің директор-редакторы, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі
— Жылдағы дәстүр бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл да халыққа Жолдауын жариялады. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы — ел дамуының жаңа кезеңіне тың серпін беретін стратегиялық маңызды құжат. Бұл Жолдау еліміздің цифрлық болашағын ғана емес, экономиканың құрылымдық өзгерістерін де терең қамтып отыр.
Жолдауда айтылғандай, еліміз алдағы үш жылда жаппай цифрландырылған мемлекетке айналуға тиіс. Бұл мақсат — тек технологиялық жетістікке жету ғана емес, жалпыұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттыру жолындағы нақты қадам. Цифрлық мемлекет болу – тиімді басқару, ашық экономика және сапалы адами капиталдың негізі.
Экономиканы әртараптандыру мәселесі де Жолдауда ерекше орын алды. Президент атап өткендей, қазір бұл бағытта жүйелі үйлестіру жетіспейді. Қолдау институттарының шашыраңқылығы кәсіпкерлер үшін түсініксіз жағдай туындатып отыр. Сондықтан, бұл салада бірыңғай тәсіл қажет. Осы ретте тау-кен металлургия саласы еліміздің индустриялық дамуында негізгі рөл атқаратынына назар аударған жөн. Бұл саланың ел экономикасындағы үлесі — 8 пайыз, ал даму әлеуеті одан да жоғары. Хром, мыс, сирек кездесетін металдар — жаһандық сұранысқа ие ресурстар. Оларды терең өңдеу — Қазақстан үшін қосылған құны жоғары өнімдер шығару мен жаңа экспорттық мүмкіндіктерге жол ашады.
Хромтау — кенге бай, стратегиялық маңызы зор өңір. Бұл аймақ еліміздің хром өндірісінің негізгі орталығы саналады. Мұнда өндірілетін хром кенінің сапасы жоғары, ал қоры — әлемдік деңгейде маңызды орын алады. Сондықтан Хромтаудағы өндірістің дамуы тек аймақтың ғана емес, бүкіл елдің индустриялық және экономикалық өрлеуіне тікелей әсер етеді.
Хром өндірісін терең өңдеу арқылы экспорттық әлеуетті арттырып, қосылған құны жоғары өнім шығаруға толық мүмкіндік бар. Бұл Қазақстанның жаһандық нарықтағы орнын нығайтып, елімізді хром өнімдерінің негізгі жеткізушілерінің біріне айналдыруға жол ашады. Мәселен, Хромтау өңіріндегі «Болашақ» шахтасының іске қосылуы — осы бағыттағы ірі жетістіктердің бірі. Қуаты жылына 7,5 миллион тоннаға жететін бұл шахта — әлемдегі ең терең шахталардың қатарында. Ресми мәліметтерде, былтыр елімізде хром кенінің өндірісі 6 миллион тоннадан асып, ферроқорытпа өндірісі тарихи максимумға — 1,864 миллион тоннаға жетті. Бұл көрсеткіштер — тау-кен саласындағы еңбек ұжымдарының жоғары кәсібилігінің және мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі.
Қорыта айтқанда, Президент Жолдауы — тек болашақтың бағытын айқындайтын құжат емес, нақты іске асыруға бағытталған бағдарлама. Оны тиімді жүзеге асыру арқылы еліміз жаңа экономикалық белестерге көтеріле алады.