Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған нақты тапсырмалар мен стратегиялық бағыттарды айқындап берді. Бұл бастамалар Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға, әрбір азамат пен азаматшаның тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталғанына сенімім мол.
Президент өз сөзінде өндірістік саланы дамытуға ерекше назар аударып, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылатынын атап өтті. Соңғы бес жыл ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі екі есеге артып, 17 триллион теңгеге жетті. Алдағы кезеңде еліміздің басты міндеті – шикізат экспортына тәуелділікті азайтып, дайын өнім өндіретін, технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекетке айналу.
Осы мақсатта 2024 жылы 163 жаңа өндіріс орны іске қосылып, 12,5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл — елдегі индустриялық саясаттың нақты нәтижесі.
Өзім – тау-кен өнеркәсібі саласының маманы ретінде, бұл салаға қатысты кез келген жаңалықты назардан тыс қалдырмаймын. Президент өз жолдауында еліміздің аумағында геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтуге ерекше тоқталды. Табылған кен орындарын игеру – жаңа инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлік дамуға серпін береді. Бұл – еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Жаңа өндірістердің дамуы электр қуатының жеткілікті болуын талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Алматы облысында салынып жатқан Атом электр станциясы (АЭС) бұл мәселеге тиімді шешім болмақ. Сонымен қатар, елімізде баламалы, жасыл энергетика бағыты да белсенді дамуда. Бұл — Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, экологиялық қауіпсіздігін арттыратын маңызды сала.
Бұл бастамалардан Хромтау ауданы да шет қалмады. ERG компаниясының қолдауымен жел электр генераторлары кешені іске қосылды. Бұл – еліміздің жасыл экономикаға бет бұрғанының айқын дәлелі әрі өңірлік өндірістің тұрақты дамуына қосылған үлес.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының жолдауы – еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын, нақты мақсаттар мен міндеттерге негізделген стратегиялық құжат. Жолдаудағы бастамалар еліміздің экономикалық қуатын арттырып қана қоймай, әрбір азаматтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанына сенімдімін.
Сатаев Хәкім Сұлтанұлы
Дөң ТКБК, «Дөң» цехы тау-кен диспетчері