"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Өндіріс ардагерінің әңгімесі

«Қарты бар елдің – қазынасы бар» деп жатамыз. Ал өндірістің өткені мен
бүгінін бағамдап, ақыл-кеңестерін айтар Ардагерлер кеңесінің болуы – алдыңғы
қатарлы кәсіпорын үшін зор бақыт. Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинаты
«Дөң» кенішінің механигі болған Қуаныш Шариповтің әңгімесі бүгінгі буынға үлгі
болары хақ.
«Кәсіпорындағы еңбек жылдарымды сағынамын. Аялдамадан автобусқа отырып,
кенішке баратын жолда әріптестеріммен әңгімелесіп бара жатқан сәттерді қайталағым
келеді» деп бастады сөзін қария. Оның жанарында расымен де өткенге сағыныш тұрды.
Қуаныш ақсақал бүгінде 73 жаста. Жақында жұбайы Биядамен «алтын тойларын»
атап өтіп, бала-келін, немерелерінің ортасында шаттанып жүр. Елу жыл отасқан жұп өткен
аптада ғана Ташкенттен келген. Комбинатта еңбек еткен барлық жылында Меркі,
Сарығаш, Алматы шипажайларына демалысқа кетіп үйренген қарияға жолдама бұл жолы
балаларының атынан келіпті.
Өндіріс ардагері еңбек жолын 1996 жылы «Молодежная» шахтасының электр
слесарі болып бастаған. Екі жылдан соң «Дөң» кенішіне механик болып ауысып, ашық
әдіспен кен өндіру жолдарына шығатын бульдозер көліктеріне техникалық қызмет көрсету
және жөндеумен айналысады. 7-9 текше шөміші бар бульдозерлер мен жүк тиегіш
көліктерінің істен шыққаны болса жөндеп, тексерістен өткізу – Қуаныш Шариповтың негізгі
міндеті болатын.
– Біздің уақытта «40 лет КазССР», «20 лет КазССР» карьерлерінің гүрілдеп тұрған
кезі. Мен жол-үйінді техникаларының тау-кен учаскесінде (ГУДОТ) қызметте болдым, —
дейді Қуаныш Муфтуллаұлы. – Біздің ұжымда 100 шақты адам еңбек етті. Сол жүз
адамның барлығы бір үйдің баласындай едік. Ауысымға асығып келіп, бір-бірімізді қолдай
жүріп жұмысты шетінен бітіріп отыратын болдық. Сыйластық пен ауызбіршіліктің барында
қызмет оңынан жүреді дейтінім сол.
Ардагер көптің қарапайым деп санайтын механик, слесарь, дәнекерлеуші сынды
кәсіптер талай жыл өтсе де, маңызын жоғалтпайтын қызметтер екенін айтады.
Қариямен әңгімелесе келе, оның бала күнгі арманы дәрігер болу екендігін білдік.
Алайда, адам өміріне жауапты болмағанымен, ауыр техникалардың сақадай-сай болуын
қамтамасыз етіп келген Қуаныш Муфтуллаұлы бұл таңдауына еш өкінген емес.
– Мен кәсіпорында небәрі 17 жылдай еңбек еттім. Оған дейін ауылшаруашылық
саласында қызметте болдым. Ауыз толтырып айтар 40 жылымды арнамасам да, осы
өндірістегі өткен әр жылымды өмірімінің ең қызықты шақтары деп білемін. Тоқсаныншы
жылдардағы аласапыран, ақшаның жоқ кезі, дағдарыстар бізді шыңдады. Бұл
сынақтардан сүрінбей өттік. Ол кезде жалақымызды кассадан алатын едік. Біздің
дәуреніміз солай өтті, — дейді сөз арасында. – Ал қазір ше?! Қазір бәрі басқаша. Елдің
болашағы, жастардың келешегі зор. Тек ешбір сылтау-себепсіз еңбек ете білу керек.
Бұрын маман да, мамандық та санаулы еді. Қазір комбинатта түрлі қызмет бар. Тек ынта-
жігер болса жеткілікті, — дейді ол.
Қария Дөң тау-кен байыту комбинатына әкелініп жатқан техникалардан да
хабардар екен. Көлік жүргізушілеріне барлық жағдай жасалған, заманға сай
технологиялармен жабдықталған көліктердің қатарға қосылып жатқанына мән беріп,
салыстыратынын да айтты.
Қуаныш Шарипов – комбинатты әлі күнге дейін мақтан тұтатын азамат. Өндіріс
процестерінен бөлек, әлеуметтік пакеттері мен зейнет адамдарын назардан тыс
қалдырмайтын ұжымның барына алғыстан басқа айтары жоқ.
– Ақтөбе облысында 12 аудан болса, соның ішінде өзіміздің Хромтау өндіріспен
ерекшеленіп тұр, — деп қуанады кейіпкеріміз. – Аудан халқы жұмыспен қамтылып, жақсы
жетістіктерге жетіп жатыр. Сырттан қарап отырып, қуанамын. Ардагерлер кеңесіне жиі
барып тұрамын. Ол жақта компанияның газетін үзбей оқимын. Жақсылық, өсу, даму көріп
келемін. Сондықтан жастарымыз осы бақты қадірлей білсе екен деймін.
Ардагердің өзі зейнетте болса да, зейіні – Дөң тау-кен байытында. Жұбайы
Биядамен бес баланың қызығын көріп, немерелеріне қарайласып, арасында Ардагерлер
кеңесіне барып бильярд ойнауға да уақыт тауып жүр.

Арайлым Ғани
Алексей Пмменовтың фотосуреті

 

ПІКІР ЖАЗУ