"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

«Құқықтық көмек» жобасы бойынша көшпелі қоғамдық қабылдау өтті

Ақтөбе облысының Ақжар және Бөгетсай ауылында «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы бойынша көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Тұрғындарды партияның Орталық Аппаратының қоғамдық қабылдау бөлмесінің мамандары, кәсіби заңгерлер, нотариустар, аудан әкімдігінің қызметкерлері қабылдады. Азаматтар көбіне жұмысқа орналасу, үйіне газ өткізу, құжаттарын рәсімдеу және баспана мәселесін көтерді.

Партиядан көмек сұрап келгендердің бірі – Ақжар ауылының тұрғыны Гүлназ Рысмағанбетова. Көпбалалы ана төрт жылдан бері тұрып жатқан үйінің құжатын рәсімдей алмай жүр.
💬Жолдасым екеуміз 7 бала тәрбиелеп отырмыз. Тұрып жатқан үйіміз анамның атына рәсімделген, алайда құжаты дұрыс емес. Үйдің бұрынғы иесін тауып, құжаттарды реттегіміз келеді. Содан соң газ өткізуге мүмкіндік болар еді. Әйтпесе балалы үйге отын тасып, ошаққа от жағу оңай шаруа емес, — деді ол.

Қоғамдық қабылдаудан кейін Ақжар ауылының әкімі Марат Жухин жедел әрекет етіп, үйдің бұрынғы иесімен хабарласты. Жақын арада үйдің құжаттарын толық рәсімдеуге, содан соң газ тартуға көмек көрсетуге уәде беріп отыр.

Ауыл тұрғыны Анар Оразалықызы жұмыс мәселесі бойынша жүгінді. Ол 2012 жылы мал дәрігері мамандығын игерген. Дегенімен бұл сала бойынша жұмыс істемепті. Ол қандай жұмысқа да ықыласпен кірісуге дайын, тек ауыл ішінде қызмет атқарғанды жөн көреді. Қоғамдық қабылдауда оған бірнеше жұмыс ұсынылды.

«AMANAT» партиясы Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Азамат Жолданбаевтың айтуынша, биыл 1700 мобильдік қоғамдық қабылдау өткізіліп, екі мыңға жуық елді-мекен қамтылған. Шара барысында 13 мыңнан астам халықтан өтініш түссе, оның жартысынан астамы оңтайлы шешілді.

Айта кету керек, Ақтөбе облысындағы шалғай елді мекендерде жыл басынан бері 54 көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді.

ПІКІР ЖАЗУ