Өнер керуені ауылдарға бет алды
Хромтау аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары ауылдық округтерге арналған гастрольдік сапарын бастады. Алғашқы концерт Табантал ауылдық клубында өтті.
Өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарлама мазмұнының байлығы мен жанрлық алуандығымен ерекшеленді. Көңілді, серпінді әндермен қатар, жүрекке жетер лирикалық шығармалар, ретро жанрындағы әуендер және өзге тілдердегі танымал әндер орындалып, әр буын тыңдарманына рухани ләззат сыйлады.
Гастрольдік сапар қаңтар айы бойы жалғасады. Осы уақыт аралығында өнер ұжымы ауданға қарасты ауылдық округтерді аралап, мәдениет ошақтарында концерттік бағдарламаларын ұсынбақ. Әрбір ауыл сахнасында өнер көрсету өнерпаздар үшін тәжірибе алмасудың және көрерменмен тікелей байланыс орнатудың бір мүмкіндігі болып табылады.
Гастрольдік сапар аясында өнерпаздар Тассай ауылында да болды. Ауыл тұрғындары концертті қызығушылықпен тамашалап, өнер ұжымына өз пікірлерін білдірді.
Қазіргі таңда аудан аумағындағы ауылдық клубтар жаңа материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Бұл гастрольдік концерттердің сапалы өтуіне қолайлы жағдай жасап отыр.
Гастрольдік сапардың негізгі мақсаты — ауыл халқына рухани азық сыйлау, ауылдық мәдениет үйлерінің деңгейін көтеруге ықпал ету және өнер ұжымдарына қолдау көрсету.
Аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары алдағы күндері өзге де ауылдық округтерде концерттік бағдарламаларын ұсынбақ.
АКБАЯН КОЖАБЕКОВА
