Ата заңымыздың жаңа жобасы жарияланды. Конституциялық реформа – Мемлекет басшысының идеясымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаның заңды жалғасы. Былтыр қыркүйекте халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында Президент елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың маңызын атап өткені белгілі. Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік реформа аясында бастапқыда Ата заңның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу мүмкіндігін ескерткен.
Алайда жұмыс барысында жұртшылық пен салалық мамандардың ұсыныстары ескеріліп, арнайы комиссияның ұйғарымымен жобада Ата заңымыздың 84 пайызы жаңарды. Елімізде қолға алынған кең көлемді реформалардан әлем елдері де хабардар болып, оның даму барысын жіті бақылап отыр. Осы орайда шетел сарапшыларының басын қосқан дөңгелек үстел ұйымдастырып, олардың пікірін білуді жөн көрдік. Конституциялық реформа төңірегіндегі сұрағымызға Пәкістан Сыртқы істер министрлігі жанындағы Аймақтық зерттеулер институтының Орталық Азия бойынша сарапшысы Хамза РИФАТ, Оңтүстік Корея Ханкук шетел тілдері университетінің профессоры Сон Ён ХУН, Қырғызстан Жогорку Кенешінің экс-төрағасы, Дипломатиялық академияның проректоры Зайнидин ҚҰРМАНОВ, Сербия Скупщинасының (Парламент) мүшесі, Қазақстан – Сербия парламентаралық достық тобының мүшесі Александр ЧОТРИЧ, Малайзия Стратегиялық және халықаралық зерттеулер институтының сарапшысы Каррем КАССИМ жауап беріп, ойларын ортаға салды.
– Алғашқы сұрағымыз: Қазақстанда қолға алынған саяси реформаларға қандай баға бересіздер? Ерекшеліктерін атап айта аласыз ба?

Хамза РИФАТ:
– Бұл конституциялық реформаны елдің ұзақмерзімді мемлекеттік құрылыс үдерісінің заңды кезеңі ретінде қарастыруға болады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тұрақтылықты, кезең-кезеңмен жаңғыруды әрі күрделі аймақтық жағдайда қоғамдық келісімді сақтауға басымдық берді. Бұл реформа саяси институттарды неғұрлым білімпаз халыққа, әртараптандырылған экономикаға және жаңа жаһандық шындыққа барынша сәйкес келетіндей етіп жаңартуға бағытталған күш-жігерді көрсетеді. Сонымен бірге елдің дамуын қамтамасыз еткен қуатты мемлекеттік дәстүрді сақтайды.
Бұдан күтілетін өзгерістер институционалдық жауапкершіліктерді нақтылау, құқықтық тетіктерді жетілдіру мен өкілдік құрылымдарды күшейту арқылы басқаруды тиімдірек әрі келешегі зор тетікке айналдыруға бағытталған. Тосын саяси өзгерістердің орнына, бұл реформа жүйені болашақ сын-қатерлерге бейімдейтін үздіксіздікті қамтамасыз етуге арналғаны көрініп тұр. Конституциялық нормаларды жаңғырту арқылы Қазақстан өзінің тарихи тәжірибесі мен ұлттық басымдықтарына сәйкес келетіндей әкімшілік тиімділікті, құқықтық сенімділікті және жұртшылықтың қатысуын жақсартуға ниетті екенін көрсетеді.

Зайнидин ҚҰРМАНОВ:
– Осы реформалардың ерекшелігіне келсек, Қазақстанда қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асуын байқауға болады. Аталған тұжырымдама – билік пен халық арасындағы диалогті білдіреді. Бұл орайда билік тарапы азаматтың қоғаммен және бизнес сектормен диалогті дұрыс жолға қоюы керек. Сонда мемлекет үйлесімді әрі теңгерімді дамиды. Тек билік тетіктеріне ғана сүйеніп мемлекет құру мүмкін емес. Бұл бюрократиялық төрешілдік стильдің қалыптасуына әкеп соқтырады. Ал мемлекет жасақтау ісіне азаматтық қоғам мен бизнестің қатысуы қоғам мен билік арасындағы теңгерімділікті сақтайды. Олар бір-біріне сүйеніп жұмыс істегенде ғана мемлекеттің ғұмыры баянды әрі ұзақ болатыны сөзсіз.

Сон Ёң ХУН:
– Қазақстанда кейінгі жылдары жүзеге асып жатқан конституциялық реформалар елдің саяси дамуы жолындағы маңызды бетбұрыс кезеңін айқындайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған маңызды бастамалардың бірі – Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының миссиясын аяқтап, олардың орнына жаңа консультативті орган – Халық кеңесін құру идеясы ерекше назар аудартады. Халық кеңесі қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық келісім, ішкі саясат пен мемлекеттік идеология мәселелерін талқылайтын институционалдық алаң болмақ. Кеңестің заң шығару бастамасы құқығына ие болуы бұл органды консультативтік құрылымнан жоғары деңгейге көтереді. Алайда сырт көз ретінде атап өтетін жайт – Халық кеңесінің тиімділігі оның формалды мәртебесінде емес, қоғамдық пікірді шынайы жеткізе алу қабілетінде
деп ойлаймыз.
– Осы орайда азаматтық қоғамды дамыту мәселесінде Қазақстан мен Корея заңнамасында қандай ұқсастық бар?
Сон Ёң ХУН:
– Ерекше назар аударатын мәселе – Конституциялық соттың қайта құрылуы мен азаматтардың оған тікелей жүгіну құқығы. Кореяда да конституциялық бақылау институтының күшеюі азаматтардың құқықтық санасының өсуі мен мемлекетке деген сенімнің артуына ықпал етті. Қазақстан үшін бұл реформа құқықтық мемлекетті нығайту жолындағы маңызды тетікке айналуы мүмкін.
Азаматтық қоғамды дамыту мәселесінде де ұқсастық бар. Қазақстанда саяси партияларды тіркеу талаптарының жеңілдеуі, жергілікті өзін-өзі басқару институттарына көңіл бөлінуі қоғамның саяси белсенділігін арттыруға бағытталған. Корея тәжірибесі көрсеткендей, дәл осы кезеңде қоғамдық ұйымдар мен жергілікті бастамалар демократиялық мәдениеттің негізін қалыптастырады.
Дегенмен сыртқы бақылаушы ретінде бір маңызды жайтты атап өткім келеді: конституциялық реформалардың табысы – олардың мәтінінде емес, іс жүзінде жүзеге асуында. Кореяда 1987 жылғы реформадан кейін де ұзақ уақыт бойы институционалдық дағдылар қалыптасты, саяси мәдениет өзгерді. Қазақстан үшін де бұл үдеріс бір күнде аяқталмайтыны анық.
Қорытындылай келе, Оңтүстік Кореяның тәжірибесі көрсеткендей, мұндай реформалар тұрақты әрі дәйекті түрде жүзеге асқанда ғана өз нәтижесін береді. Егер Қазақстан осы бағытта жүйелі қадамдарын жалғастырса, қазіргі өзгерістер елді неғұрлым ашық, жауапты және сенімді саяси жүйеге алып келетініне сенім бар.

Каррем КАССИМ:
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары негізінен мемлекеттік әлеуетті арттыруға бағытталған. Бұл жерде дәйекті басқару, мемлекеттік сектордағы тәртіп пен әкімшілік тиімділікті жақсартуға баса назар аударылған. Бұл тәсіл Малайзия сияқты көптеген орта табысты елдердің тәжірибесімен үндеседі, мұнда реформалардың беделі көбіне институттардың тұрақты, теңгерімді нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігімен анықталады.
Экономикалық тұрғыдан алсақ, Қазақстан экономикалық жаңғыртуға, инфрақұрылымға, цифрландыру мен әлеуметтік жауапкершілікке баса назар аударып отырғаны көрінеді. Бұл басымдықтар да Малайзияның өзіндік даму мақсаттарымен үйлеседі, сонымен қатар саудаға бағытталған, көпұлтты, орта экономика ретінде өзара геоэкономикалық позицияны бөліседі.
2024 жылдан бастап Қазақстанда малайзиялық 48 компания жұмыс істеп келеді. Қазір құны 410 млн АҚШ долларынан асатын 17 бірлескен кәсіпорын жобасы жүзеге асырылып жатыр. Премьер-министр Дато Сери Анвар Ибрагим 2024 жылы Орталық Азияға сапармен барды, нәтижесінде аймаққа 2,4 млрд АҚШ доллары көлемінде тауар экспортталды. Бұл Малайзия мен Қазақстан арасындағы сауда және инвестициялық байланыстарды жалғастыруда жақсы нәтиже береді.
Жалпы алғанда, Президент Қ.Тоқаев айтқандай, Қазақстан әлеммен үздіксіз ынтымақтастығын арттыра береді. Осы орайда, Малайзия – Қазақстан серіктестігі сындарлы негізде тереңдейді деп есептеймін.

Александр ЧОТРИЧ:
– Балқан түбегінің елдері де Қазақстанда болып жатқан саяси және экономикалық реформаларды жіті бақылап отыр, сондай-ақ қол жеткізіп жатқан табыстарыңыз үшін қуаныштымыз. Мұның бәрі Қазақстан халқының өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік жасап, елдің Орталық Азиядағы көшбасшылық мәртебесін одан сайын биіктететіні сөзсіз.
Экономикалық реформалармен қоса, Президент Қ.Тоқаев ұсынған саяси өзгерістерді де қалт жібермей қадағалап отырмыз. Конституцияның жаңа жобасы жарияланды. Бұл елді демократияландыруға бағытталған нақты қадам деп айтуға негіз бар. Сонымен бірге өзге елдер үшін үлгі болары хақ. Қазір Конституция жобасын сарапшылар халықпен бірге талқылап жатыр. Егер көпшілік тарапынан қолдау тапса, өзгерістер өмірге еніп, нақты жұмыс істейтін болады.
Қазақстан әлдеқайда қарапайым, тиімді Парламент жасақтауды таңдады. Бір палаталы Парламент халыққа бұрынғыдан да жақындай түседі. Менің ойымша, осы өзгерістердің арқасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев демократиялық Қазақстанның негізін қалаушы ретінде тарихта қалады.
– Бүгінгі конституциялық реформаға оның алдындағы парламенттік реформаның көтерілуі түрткі болғаны рас. Елімізде бір палаталы Парламенттің құрылуына қатысты қандай пікір білдірер едіңіздер?
Зайнидин ҚҰРМАНОВ:
– Қазақстандағы Парламент реформасын дұрыс көзқараспен қолға алынған жұмыс деп есептеймін. Парламент – кадрлық резерв, яғни елдің басты кадрлық корпусы. Әдетте елдің болашақ министрлері, премьер-министрлері, президенттері дәл осы жерден шығатыны белгілі. Сондықтан аталған институт қызметінің саяси тұрғыдан оңтайландырылуы дұрыс қадам.
Жалпы тек Қазақстан ғана емес, бұрынғы кеңестік республикалардың барлығында да ХХ ғасырға дейін парламентаризм институты болмағаны белгілі. Біздің елдеріміз үшін бұл әлі де даму мен қалыптасу кезеңіндегі орган. Осы орайда, менің ойымша, парламент ең алдымен елді басқаруды үйренуі керек. Ол жерде отырған халықтың өкілдері – депутаттар бұл мәселеге сергек қарап, мемлекеттің саяси бағдарын қалыптастыруды, бағыт-бағдарын айқындауды, даму бағдарламаларын жасау мен оның орындалуын қадағалауды, халықты алға бастауды меңгеруі шарт.
Менің пікірімше, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашақ Парламентінің жұмысын, жалпы парламентаризм саласын жақсы түсінеді. Ол қай кезде де жақсы кадрлармен қоса, сенімді саяси институттарды қалыптастыруды көздейді. Ал Парламент – мемлекет табан тірейтін ең маңызды саяси институттың бірі. Жалпы Орталық Азия елдерінің бұрынғы президенттері елдің Парламентіне байыпты қарамағанын көреміз. Соның салдарынан Парламенттер ел басқару ісінен шет қалды. Егер Парламент дұрыс құралып, жұмысы жүйеленсе, мемлекеттің басқа билік органдары да жасандылықтан арылып, шынайы жұмыс пен саясатты жүргізетін болады. Міне, осындай елдің болашағы бар.
Сонымен бірге Қазақстан Парламентінің «Құрылтай» деп аталуын да қолдаймын. Бұл оған ұлттық реңк береді. Жалпы, «құрылтай» – біздің халықтарымыздың көне түркілік тарихынан тамыр тартатын ұғым. Оның бүгінгі саяси өмірімізден де көрініс тапқаны – ұтымды қадам.
– Елімізде жаңа Конституцияның жобасы жарияланып, халық талқысына ұсынылды. Жалпы, алдағы уақытта бұл өзгерістердің ел өміріне ықпалы қалай болады деп ойлайсыздар?
Хамза РИФАТ:
– Елдің болашағына қатысты реформалар саяси тұрақтылық пен ұзақмерзімді орнықтылыққа ықпал ете алады. Неғұрлым айқын конституциялық негіз қалыптасса, әлеуметтік және экономикалық трансформацияны оңай басқаруға, инвесторлардың сенімін қолдауға және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді серіктес ретіндегі рөлін арттыруға көмектеседі.
Егер реформа дәйекті түрде жүзеге асырылса, мемлекетке азаматтардың қажеттіліктеріне тиімдірек жауап беруге және бірлік пен біртіндеп ілгерілеуді сақтауға көмектесері сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, биылғы конституциялық реформа Қазақстанның бағытын өзгертуді емес, егемен, тұрақты және заманауи мемлекеттің іргетасын нығайтуды көздейді.
Зайнидин ҚҰРМАНОВ:
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары халық тарапынан қолдау тауып, әрі қарай жалғасатынына сенім мол. Алдағы уақытта Қазақстан Орталық Азиядағы демократияның бесігіне айналады деп үміттенемін. Қазіргі жүргізіліп жатқан реформалар соның бір айғағы. Қ.Тоқаев Қазақстанның, жалпы біздің аймағымыздың келешегі демократиялық дамуда екенін анық көріп отыр. Шынайы саяси институттары, шынайы Парламенті мен Президенті, шынайы Үкіметі мен жергілікті өзін-өзі басқаруы бар елдің болашағы да зор. Бәлкім әзірге қоғамның бәрі бұл өзгерістің парқын түсінбейтін шығар. Өйткені кез келген реформаның қарсыластары да болатыны заңдылық. Бірақ біз сарапшы ретінде айтарымыз, Қазақстанда ескі жүйеден қалған пайдасыз тәжірибеден біртіндеп арылу үдерісі жүріп жатыр. Бұл – маңызды бетбұрыс.
Дөңгелек үстелді жүргізгендер –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
Гүлнар ЖОЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
