"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Жұлдыз Сүлейменова: Жаңа Конституцияда табиғатты қорғау қағидаттары айқындалды

Экологиялық ағарту мен табиғатты қорғау қағидаттары жаңа Конституция жобасында нақты бекітілді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында экологиялық құндылықтарды білім беру жүйесіне терең енгізу жұмысы күшейтіліп келеді. Бұл бағыттағы ұстанымдар жаңа Конституция жобасында да айқын көрініс тапқан. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Министрдің айтуынша, ведомство экологиялық ағартуды жүйелі түрде дамыту үшін экологиялық білім беру стандартының жобасын әзірлеу үстінде. Құжаттың негізгі мақсаты – экология тақырыбын білім мазмұнына үстірт қосымша ретінде емес, тәрбиелік әрі дүниетанымдық өзек ретінде орнықты енгізу.

Жаңа Конституцияда экологиялық мәдениет қағидаттары бекітіледі: Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» бастамасының дамуы туралы

«Оқу-ағарту министрлігі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында кешенді әрі жүйелі жұмысты жүзеге асыруда. Осы бағыттардың бірі – экологиялық білім беру стандарты. Оның басты міндеті – экология мәселесін білім мазмұнында терең әрі тұрақты түрде қамту. Конституциялық реформалар аясында жаңа Конституция жобасында табиғатты қорғау нормалары нақты бекітілді. Бұл азамат пен мемлекет арасындағы экологиялық жауапкершілікті күшейтетін маңызды құқықтық негіз», деді министр.

С.Пономерев: «Таза Қазақстан» – Конституциядағы жаңа жауапкершілік өлшемі

Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменованың мәлімдеуінше, бүгінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы үш негізгі идеяға сүйеніп жүзеге асырылып отыр. Олар – еңбек адамы, «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы. Осылар арқылы оқушылар мен жасөспірімдердің бойында экологиялық сананы қалыптастыру көзделген.

Министр экологияны тек пәндік білім шеңберінде ғана емес, өмір салты мен құндылықтық бағдар ретінде орнықтыру маңызды екенін атап өтті. Табиғатқа жауапкершілікпен қарау – жас ұрпақтың азаматтық болмысының ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, экологиялық ағарту жаңа Конституция жобасындағы қағидаттармен сабақтасып, ұзақмерзімді қоғамдық дамудың іргетасын қалыптастырады.

ПІКІР ЖАЗУ