АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «Референдум-2026» атты онлайн-марафонда жаңа Конституция жобасы қабылданса, елдегі саяси партиялардың саны арту керек деген пайым айтты.
— Осы күзде келеді деп отырған Құрылтайымызда қазіргі Мәжілістегі алты партия сол қалпында баратын болса, онда қоғам бізді түсінбейді. Бейнелеп айтқанда, «бұзаудың орнына тұлып ұсындыңдар» ғой деген түсінік болады. Сондықтан сайлауға дайындық барысында партиялар бірігуі мүмкін, әлдебір конструкциялар жасалады, жаңа партиялар пайда болуы мүмкін деп ойлаймын. Қызылорда құрылтайында қоғамды партиялық институттар негізінде біріктіру бастамасы айтылды. Азаматтар өзінің саяси ұстанымына сай келетін партияларға мүше болу арқылы ортақ идеяға, мемлекеттік мүдделерге жұмылу мүмкіндігі күшейеді деп ойлаймын, — деді Ермұрат Бапи.
Сондай-ақ, ол жаңа Конституция жобасында Парламент бір палаталы Құрылтайға берілген өкілеттіктер туралы пікір білдірді.
— Жеке ойымды айтсам, 100 пайыз көңілім толады деп айта алмаймын. Бірақ бұл елдің дамуына, болашақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, Тәуелсіздік пен Егемендікке кепіл болуға арналған Конституция болғандықтан мен оны азаматтық тұрғыда, перзенттік парыз тұрғысынан қолдаймын. Бұл үлкен тәуекелдердің алдындағы дайындықтың қамы болғандықтан азаматтық жанашырлықпен қарауымыз керек. Бұл жерде ары-бері тартып, қоғам мен биліктің арасында ырың-жырың туатындай жағдай дәл қазіргі әлемде қажет емес, — деді депутат.
https://kaz.inform.kz/news/br-palatali-kuriltayga-kazrg-6-partiya-gana-krse-kogam-bzd-tusnbeyd-ermurat-bapi-5ef7bc/
