"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Нұрхан ТІЛЕУМҰРАТОВ: ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ, АВТОБУС МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың Хромтау қаласы тұрғындарымен кездесуі №6 гимназия, №7 мектеп-гимназиясының және Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжінің базаларында өтті.

Тұрғындар талабы немесе төрт алаң тұрғызылды

Аудан басшысының халықпен кездесулерінде қала әкімі Сағындық Шабықбаев есепті баяндамасын жасап, жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

— Қала аумағында осыған дейін орнатылған 4 футбол алаңы бар еді, биыл олардың барлығын жөндеп, оған қоса тағы төрт алаң тұрғызылды. Тұрғындар алдыңғы кездесулерде «балалар ойын алаңы қажет» деп мәселе көтерген болатын. Осы орайда Дөң тау-кен байыту комбинатының қолдауымен іске асып келе жатқан «Tugan Qala» жобасын естеріңізге сала кеткім келеді. Аталмыш жоба аясында тұрғындардың талап-тілектері ескеріле отырып, Хромтау қаласы көшелерінде 2 ойын алаңы мен тұрғын үй қасбеттерінде муралдар пайда болды, — деді қала әкімі.

«Туған қаланың» туындысы

Айта кетейік, осыған дейін тұрғындардың қатысуымен ERG қаржыландырған жоба бойынша құны 100 миллион теңге тұратын нысанның жобалық семинарлары өткен еді. Хромтаудың инфрақұрылымына өзгеріс енгізетін «Tugan Qala»-ның туындысын келер жылы бірге тамашалаймыз деген үміт бар.

Халықпен кездесуде аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов қаладағы мәселелерге тоқталды.

— Осы уақытқа дейін шешімі табылмай жүрген басты мәселе — Хромтау-Ақтөбе тасжолының құрылысы. Келер жылы 28 шақырымдық жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі және нәтижесінде 4 жолақты жол салынады. Жол жөндеу жұмыстары жеті учаскеге бөлінген. Бір учаскені жөндеудің өзіне республикалық бюджеттен 57 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылуда, — деді.

Тізбектелген мәселелер қатарында Хромтау-Ақтөбе бағытында жүретін автобус қатынасы да бар. Әлеуметтік желіде талқыға түсіп, техникалық тұрғыда қанағаттанарлықсыз жағдайда болған автобустармен қызмет көрсеткен жергілікті кәсіпкермен өз жұмысын сапалы ұйымдастыра алмағаны үшін келісімшарт бұзылған.

— Қазіргі таңда өзге компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ақпар барынша нақтыланып, бір шешімге келген соң бұл мәселе төңірегінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарламалар жасалады. Аудандағы тағы бір күрделі мәселе — өткен жылы қарастырылған бірқатар ауылдарға жол салу жұмыстары. Осы мәселе айналасында мердігер компания тарапынан олқылықтар анықталып, келісімшарт өз күшін жойды. Келер жылы түзетулер енгізілген жобаны өзге компаниямен бірлесе отырып жүзеге асырамыз. Ал Хромтау қаласына байланысты тақырыптарға тоқталар болсам, келер жылы қала көшелерінде бірқатар асфальт жолдар қайта жаңғырту, орташа жөндеу жұмыстарынан өтеді деп жоспарланған. Қазіргі кезде Есет батыр, Л.Шиловский көшелерінің қайта жаңғырту жобалары әзір, — деді Н.Тілеумұратов.

Қоқыс шығарудың да «мәдениеті» бар

Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы 21 көше жарықтандырылған және 22-квартал шағын ауданында 450-ге жуық жарық шамдары ауыстырылған. Келер жылы 17 көше жарықтандырылмақ.

Аудан әкімінің айтуынша, қалада тұрғындармен бірлесіп шешетін мәселелер де бар. Соның бірі — қоқыс проблемасы. Аулалар маңында орналастырылған қоқыс контейнерлеріне хромтаулықтар бей-жай қарауын доғарар емес. Қоқыс тазартатын жауапты қызметкерлер үйдегі жүргізілген жөндеу жұмыстарының қалдықтарын тазартуға міндетті емес екені баршаға мәлім. Алайда кей тұрғындар ерікті түрде қоқыс полигонына жеткізуге тиіс қалдықтарды қаладағы контейнерлерге тастап кетіп жатады. Нәтижесінде қала көшелерінің көркі қашып, айналамыз ластанады.

Тұрғындар тарапынан қойылған сауал қаңғы иттерге қатысты болды. Бұл сұрақ бойынша аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов: «Айтылған мәселе де сіздермен бірлесіп шешілетін нәрсе, себебі бау-бақша егетін маусымда үй жануарларын асырауға алатын — сіздер және маусым аяқталғаннан кейін оларды «қаңғы иттер» қатарына қосатын да — сіздер. Сондықтан, жануарды уақытша асырамауға кеңес беремін, ал қазіргі уақытта көшеде жүрген иттер мәселесі бойынша ветеринарлық инспекция мен станция қызметкерлері аудан көлемінде өз жұмыстарын жүргізіп жатқандығын хабарлаймын, — деп жауап берді Нұрхан Тілеумұратов.

Кездесулерде көтерілген мәселелер қатарында тұрғын үй де болды. Бүгінгі күні Хромтау қаласы бойынша 1265 адам кезекте тұр. «Бір мезетте барлық адамды қамтамасыз ете алмайтынымыз анық, алайда 22-квартал шағын ауданындағы 5 қабатты, 120 пәтерден тұратын 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Осы жоба уақытында аяқталса, 120 отбасы қуанышқа бөленбек», — деді аудан әкімі.

Кездесулер соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Толғанай ЕБОЛСЫН

ПІКІР ЖАЗУ