"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Хромтау ауданының активі және еңбек ұжымдары жаңа Конституция жобасына қолдауларын білдірді

Облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан Хромтау ауданына жұмыс сапары аясында аудан активі және өндіріс саласының еңбек ұжымдарымен кездесіп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызын және жаңа Ата Заң жобасының басым бағыттарын жеткізді.

Кездесу барысында Жолдас Батырхан жаңа Конституция жобасында ел мүддесі мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға басымдық берілгенін атап өтті. Оның сөзінше, құжатта еңбек адамының рөлін айқындайтын және әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың нақты әрі түсінікті тетіктері қарастырылған. Бұл өз кезегінде, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Сондай-ақ, ол жаңа Конституция мәтініндегі «Егемен» және «Тәуелсіз» сөздерінің бас әріппен жазылуының символдық мәнін айшықтап, мұның ұрпақ сабақтастығы тұрғысынан патриоттық рухты көтеретін айырықша белгі екенін алға тартты.

Кездесуге қатысқан аудандық коалиция мүшелері де сөз алып, референдумды қолдау шаралары барысында тұрғындардың жоғары белсенділік танытып отырғанын тілге тиек етті. Олар алдағы жалпыхалықтық дауыс берудің ел болашағы үшін маңызды шешім екенін айтып, көпшілікті белсенді қатысуға шақырды, жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді.

Ал облыс әкімі орынбасарының Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты флотациялық цех ұжымымен жүздесуінде жұмысшылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Жолдас Батырхан өндіріс саласының дамуы мен еңбек жағдайларын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары жалғасады.