"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Берік Асылов, Бас прокурор: Бұл құжат жаңа дәуірдің іргетасына айналады

Бүгінде еліміз аса маңызды тарихи уақиға – жаңа Конституцияны қабылдаудың қарсаңында тұр. Осы орайда басты құқықтық құжатымыз Ата Заң жобасының негізгі ережелері мен жаңашыл нормалары жөнінде Бас прокурор Берік Асыловпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Берік Асылов, Бас прокурор: Бұл құжат жаңа дәуірдің іргетасына айналады

– Берік Ноғайұлы, жаңа Консти­туция жобасының Кі­ріс­пе бөлімінде Заң мен Тәр­тіп қағидаты ерекше аталады. Осы­ған кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– Өткен жылдың қыркүйе­гін­де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жолдауында жария­ланған консти­ту­циялық реформа 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан мемле­кетті кешенді жаңғыртудың заңды жалғасы екенін атап өткен жөн. Биыл 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдум азаматтардың ерік-жігеріне ең жоғары заңдық күш бере отырып, Негізгі заң жобасы мақұлданған жағдайда ел тарихында жаңа кезеңнің басталуына жол ашады әрі Конституцияның халықтық сипатын айқындай түседі.

Осы сұхбатқа дайындалу барысында бірқатар мемлекеттің конституцияларын зерделедім. Олардың кіріспе бөлімдерінде елдің идеологиялық негізін айқындайтын, саяси келбетін сипаттайтын, тарихи даму жолы мен мемлекеттік құрылымының ұлттық түп-тамырын көрсететін, қазіргі және болашақтағы бас­ты қағидаттарын белгілейтін түйінді факторлар ерекше аталып өтеді. Демек, Кіріспе бөлім – Конституцияның айнасы әрі оның идеологиялық бастауы, жалпыұлттық ой-тұжырымның қайнар көзі. Конституцияның барлық қағидаттары, нормалары мен ережелері өз бастауын Кіріспе бөлімінен алады.

Ал біздің Конституциямыздың жобасына келсек, онда еліміздің құнды­лық бағдарлары мен сая­си-құқықтық дамуының ұзақ мер­зімге арналған стратегиялық бағыттары нақты айқын­дал­ған. Жобада Заң мен тәртіп қағи­даты еліміздің әрі қарай дамуы­ның, азаматтарымыз бен қо­ғамы­мыздың күнделікті өмір сал­тын қа­лыптастырудың ірге­тасы ретінде бекітілген.

Бұған дейінгі сұхбатта­рым­да Заң мен тәртіп қағидаты деге­німіз не, оның мәні мен мазмұ­ны қандай деген мәселе­лерге тоқталған едім. Тағы да айта ке­тейін, бұл – мәдени, адам­гер­шілік, этикалық, отбасы­лық, руха­ни идеалдардың, конс­­ти­туция­лық кепілдіктер мен басқа да құн­дылықтардың мызғы­­мас­тығы. Заң мен тәртіп – тек құ­қық­тық ұғымдар емес, қоғамы­мыз­дың тұрақтылығы, қауіп­сіздігі мен өркендеуін айқын­дайтын өмірлік бағдарлар.

Бұл қағидатты конституциялық дең­гей­де бекіту не береді деген сұраққа келсек, Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, халық­тың әл-ауқатын арттыру және өзге де аса маңызды мәселелермен қатар Заң мен тәртіп идеологемасы мемлекет қызме­тінің негізгі қағидаттарының біріне айна­лады. Яғни мемлекеттік органдар мен олар­дың лауазымды адамдарының кез келг­ен шешімі мен іс-әрекеті осы қағи­да­мен сусындалуы керек. Демек, осы қағи­да­ның ажырамас бөлігі ретінде құқық бұзу­шылыққа «мүлдем төзбеушілік» ұстаны­мы құқықтық үстем дәрежеге ие болмақ.

– Конституция жобасы жаңа­лықтарының бірі – заң шығару билігін жүзеге асыратын жаңа өкілет­ті органның құрылымы мен оны қа­лып­тастыру тәртібінің өзгеруі. Бұл жөнінде не ойлайсыз?

– Құрылтайдың тарихи та­мы­ры өте тереңде жатыр. Бұл тер­миннің шығу тегі мен «Құ­рылтай» сөзінің этимо­ло­гия­лық мәніне тиісті сала мамандары лайықты баға береді деп ой­лаймын. Мен құқықтық тұрғы­дан, дала заңдары – әдет-ғұрып және дәстүрлі ережелерге қыс­қаша тоқталғым келеді.

Тарихта Құрылтай жоғары өкілетті орган қызметін атқарған, халық билігін білдірген, рулар мен тайпалардың мүддесін орындай отырып, билеушіні сайлау, соғыс және бітімгершілік мәселе­лері, жайылымдарды бөлу, көшіп-қону шекарасын айқындау, әдет-ғұрыпқа айналып кеткен ел арасындағы қатынастарды заңдастырған, сондай-ақ дала заңдары – ережелерді бекіту сияқты көшпелі халық өмірі үшін маңызды мәселелерді шешумен айналысқан. Құрылтайда қазақтың дәстүрлі құқығының негізін қалаған ұлы дала заңдары, соның ішінде «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Жеті Жарғы» бекітілген. Бұл – тарихи дерек.

Бұл туралы ұлттық құқықтану ғылы­мының патриархы, академик Салық Зимановтың «Қазақтың ата заңда­ры» атты он томдық еңбегінде кеңі­нен баяндалған. Сондай-ақ қазақтың дәстүр­лі құқығының тарихын зерттеген белгілі ғалым-заңгерлер – Тайыр Күлтелеев, Савелий Фукс, Айдарат Таукелев, Александр Леонтьев, басқа да зерттеушілер өкілетті жина­лыстың дала заңнамасын қалыптастырудағы рөлін атап өткен. Бұл – Ұлы дала мен оны мекендеген халық­тың құқықтық мәдениеті мен дәс­түрінің, тұрмыс-салтының тарихи-құқықтық тамыры екенін білдіретін баға жетпес мұрасы.

Қазіргі конституциялық реформа аясында еліміздің жаңа заң шығарушы органы – Құрылтайды құруы Ұлы далада ғасырлар бойы қалыптасқан халық өкі­леттігін жаңғырту. Бұл Тәуел­сіз Қазақстанның Ұлы далада бұрын болған мемлекеттік құ­рылымдармен тарихи сабақ­тастығын білдіреді.

– Бас құжат жобасындағы адам мен азамат құқықтарының кепілдіктерін нығайтуға бағытталған қандай жаңа нормаларды атап өтер едіңіз?

– Өте маңызды сұрақ. Ең алдымен айтарым, Конституция – бұл азаматтар, қоғам және мемлекет арасындағы келісім. Сондықтан Конституцияда адам мен азаматтың құқықтары, бостан­дықтары мен міндеттерінің жүйесі айқындалып, жеке тұлға, қоғам және мемлекет арасындағы өзара ықпалдасу аумағы нақты белгіленеді.

Қолданыстағы Конститу­цияда да, жаңа жобада да ке­піл­діктер топтамасы Адам құқық­тарының жалпыға бірдей декларациясына, азаматтық және саяси құқықтар, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактілер­ге және өзге де халықаралық кон­венциялық актілерге то­лық сәйкес келеді. Жалпы, адам өмірін, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мен кепілдік берудің басымдығын бекітетін негізгі қағидаттар жоба аясында сақталып қана қоймай, күшейтіледі. Әрине, әрбір конституциялық құқық жеке-дара терең талқылауды қажет етеді. Өйткені шағын көлемді нормада тұтас құқықтық жүйе қамтылуы мүмкін. Сондықтан адам құқықтарын қорғауды күшейтуге тікелей әсер ететін бірқатар маңызды жаңа нор­маларға тоқталайын.

Мәселен, Конституция жобасына сәйкес әрбір адам ұсталған сәттен бастап оның бостандығын шектеу негіздері мен құқықтары түсіндіріледі. Алғаш қарағанда бұл қалыпты жағдай сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның мәні – егжей-тегжейінде. Бұл ереже бірқатар саланы қамтиды. Адамды қылмыстық немесе әкімшілік сот өндірісінде, көші-қон, кеден заңнамасын, мемлекеттік шекараны бұзғанда, жеке басын анықтау үшін және басқа да жағдайларда ұстауы мүмкін. Осындай кездерде адамға не үшін ұсталғаны, қандай құқықтары бар екені, мысалы, өзін әшкерелейтін түсінік беруден бас тарту, адвокат көмегін пайдалану және басқа құқығы бар екені түсіндіріледі. Егер ұстал­ған кезде адамға оның құқық­тарын түсіндірмеген болса, кейін ол әрекеттер заңсыз деп танылуы мүмкін.

Келесі мәселе, кінәсіздік презумпциясы жаңа конституциялық мазмұнға ие болады. Қазіргі Конституцияда бұл қағидат Сот билігі туралы бөлімде тұр, ал ендігі жоба бойынша ол Негізгі құқықтар мен бостандықтар туралы бөлімге енгізілген. Осылайша, кінәсіздік презумпциясы баршаға ортақ талапқа айналып, адамды қылмыс жасады деп негізсіз айып­тау қаупін болдырмайды.

Конституция жобасы «заңның кері күші» қағидатына қатысты ұстанымды түбегейлі өзгертеді. Қолданыстағы Конституцияда да бұл қағидат негізінен әкімші­лік және қылмыстық сот ісін жүр­гі­зуге қатысты еді. Ал енді оның конституциялық шеңбері кеңейтіліп отыр. Аталған нор­ма­ның құрылымы нақты және түсінікті етіп жазылған. Бірін­шіден, азаматтарға жаңа міндет­тер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдар­­дың кері күші болмайды. Екін­шіден, жауаптылықты белгі­лейтін немесе күшейтетін заң­дар­дың кері күші болмайды. Үшіншіден, жаңа заң бұрын жасалған құқық бұзушы­лық үшін жауаптылықты жоятын немесе жеңілдететін болса, онда жаңа заң қолданылады. Осылайша, аталған қағидаттың қолданылу аясы кеңейіп, кез келген жаңа міндеттерге қолданылады. Соны­мен қатар адам қандай да бір шешім қабылдаған кезде кейін бекітілген заңмен оның құқықтық жағдайы өзгермейтініне сенімді бола алады.

Назар аударуға тұрарлық тағы бір маңыз­ды жаңашылдық – жеке өмірге, жеке және отбасы­лық құпияға қол сұқ­пау­шы­лықпен қатар, Негізгі заң жобасында дербес деректерді заң­сыз әрекеттерден, оның ішінде цифр­лық кеңістікте қорғау конс­титуциялық деңгейде бекітеді. Осындай кепілдік банктік операциялар, жеке салымдар мен жинақтар, хат алмасу, телефон және өзге де хабарламалар құпиясына да беріледі.

– Конституция жобасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін сот кінәлі деп таныған азаматтар сайлану құқығынан айырылады. Негізгі заңның бұл ережесі қандай салдарға әкеліп соғуы мүмкін?

– Конституция – қатардағы заң емес, бұл қоғам мен мемлекет­тің адамгершілік, моральдық-этикалық құндылықтарын қалып­тас­тыратын басты құқықтық құжат. Жобаға енгізілген бұл норма кез келген деңгейдегі өкі­лет­ті органдарға, яғни Құрыл­­тайға, жергілікті жерлерде – мәс­лихаттарға, сондай-ақ Президент лауазымына сайланғысы келетін азаматтарға қолданылады.

Аталған шектеу Біріккен Ұлттар Ұйымының жемқорлық қылмысы үшін сотталған адамдарды мемлекеттік қызмет­ті атқару құқығынан айыру мүм­кіндігі көзделген Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы конвенция­сы ережелерімен де үйлеседі.

Бұл конституциялық тыйым қоғамға мемлекеттің сы­бай­лас жемқорлыққа мүлдем төзбеу­шілік қағидатын айқын білді­ретін белгі болмақ. Өз кезегін­де азаматтардың билік инсти­туттарына деген сенімін нығайтады.

– Онлайн-платформаларды пайда­ла­нушылардың қорлай­тын және ба­лағат сөздерді қолда­натын жағдай­ларына қатысты құқықтық ықпал ету тетіктері бар ма?

– Бұл өзекті мәселе бізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Маған кейде кейбір адамдар виртуалды әлемнің өзде­ріне ғана арналған тар кеңістік емес екенін, олардың сөздері басқа пайдаланушылардың жанын жаралап, намысы мен қадір қасиетіне тиетінін түсін­бейтіндей көрінеді. Ашығын айтсам, егер адамның мәдениеті құндылық тұрғысынан төмен болса, онда заң мен тәртіп бас­қаларды оның құқыққа қарсы әрекеттерінен қорғауы тиіс. Әлеуметтік желілерге еркін қол жеткізу мүмкіндігін пайдаланған адам өз іс-әрекетіне жауапты екенін, қорлау, әдепсіздік немесе қоғамға қарсы мінез-құлық заңсыздық екенін түсінуі қажет.

Заңнамада мұндай пайдала­ну­шы­ларға ықпал ететін құрал­дар жеткілікті. Мұндай тетіктер мен жауаптылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте, Қылмыстық кодексте, сондай-ақ масс-медиа туралы, ақпараттандыру, онлайн-платформалар және онлайн-жарнама, мәдениет туралы және өзге де заңдарда қарастырылған.

Қоғамдық орында балағат сөздерді қолдану, басқаларды қорлайтын әрекет­тер жасау, қоршаған ортаны құрметтемеу сияқты кез келген басқа мі­нез-құлық, яғни қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекет әкімшілік құқық бұзушылыққа жатқызылады.

Ашық интернет кеңістігінде қорлау, балағаттау мәніндегі сөздерді қолда­ну – қоғамдық тәртіпті бұзудың және басқа­ларды құрметтемеудің айқын көрі­нісі. Жылына мұндай әре­кеттер үшін бірнеше мың азамат әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Жариялан­ған материал­дардың мазмұнына байланысты, мысалы, әлеуметтік, ұлттық немесе діни алауыздықты қоздыру, сондай-ақ билік өкілін қызметтік міндетін орындау кезінде ашық түрде қорлау сияқты құқық бұзу­шылықтар үшін қамауға алу немесе бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауаптылық қарастырылуы да мүмкін.

Біздің міндетіміз – заңды бұзған адамды жазалау ғана емес, құқық бұзушылықтың алдын алу, заңның бұзылуына жол бермеу, құқықтық мәдениетті көтеру және тәрбиелік жұмысқа баса назар аудару. Біз азаматтардың құқықтары мен бостандық­тарын қорғау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үндеу жасаймыз.

Қазіргі таңда азаматтарды заң­наманы сақтауға, цифрлық ортада қоғамдық мораль мен өзара құрмет нормаларын ұстануға, балағат сөздер, қорқыту, қадір-қасиетті қорлайтын немесе өзге құ­қыққа қарсы материалдар жарияла­мауға шақырамын. Ме­нің ойымша, Конституция жоба­сында сөз бостандығы және ақпа­ратты тарату бостандығы басқа адамдардың қадір-қасие­тіне, қоғамның моральдық нормаларына немесе қоғамдық тәртіп­ке зиян келтірмеуі керек деген нор­­маны енгізудің негізгі алғы­шарттары интернетте тарала­тын осындай қоғамға жат құбы­лыстарға байланысты болып отыр.

Жаңа конституциялық фор­му­ла құқық­тар мен бостан­дық­тар теңгері­мінің әмбе­бап қағида­тын бекітеді. Сөз бос­танды­ғы ашықтықты, қоғамдық диалогті және құқықтық мәде­­ниет­ті дамы­туға ықпал етеді. Бұл ұстаным Еуро­па­лық адам құ­қықтары мен негізгі бос­­тан­­дықтарды қорғау конвен­ция­сының нормала­рына сәйкес келеді. Конвенцияға сәй­кес пікір білдіру бостандығын жү­зеге асыру заңмен қарасты­рылған шектеулерге бағынуы мүмкін және демократиялық қоғамда басқа адамдардың беделі мен құқық­тарын қорғау, денсаулық пен мораль­ді сақтау, қоғам­дық тәртіпті қамта­масыз ету үшін қажет болуы мүм­кін. Әңгіме сөз бостандығы мен оны теріс пайдаланудың ара­жігін ажырату жайында болып отыр. Пікір білдіру бостан­­ды­ғы мен басқа адамдардың құқық­тарын бұзғаны үшін жауап­тылық – құқықтық мем­лекет­тегі бір-бірін толықтыратын
элементтер.

Ежелгі ойшылдардың «бола­шақты болжай білетін көшбас­шы – дана басшы» деген қанатты сөзі бар. Президент жаңа Консти­туция қабылдауға байланысты референдум өткізілетінін жария­лады. Оның жобасы заманауи сын-қатерлерге бейімделген. Сонымен қатар онда адамның және азаматтың барлық негізгі құқықтары, бостандықтары мен міндеттері айқын әрі нақты көрсетілген.

Жалпы алғанда, жаңа Конс­ти­т­уция экономикалық, саяси, әлеуметтік және өзге де салаларды әрі қарай дамыту, билік органдарының халықпен өзара іс-қимыл тетіктерін жетіл­діру, құқықтық жүйенің сапасын арттыру үшін қажет. Жаңа Конституцияны қабылдау бас­ты бағдары адамның әл-ауқа­ты, болашаққа деген сенімі және бүгінгі күні лайықты өмір сүруі болып саналатын қар­­қын­ды өзгерістерді жалғасты­ру­ға қуатты серпін беретініне
сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»