"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ПЕДАГОГТЕРМЕН КОНСТИТУЦИЯ ЖӨНІНДЕ ПІКІРЛЕСТІ

Бейсенбі күні өңірлік коалиция мүшелері №16 орта мектептің мұғалімдерімен кездесіп, Конституцияның жаңа жобасы мен референдумды талқылады.

Белсенділер Конституциялық реформа тарихи әрі маңызды оқиға екенін айта келе, ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын референдумнан қалыс қалуға болмайтынын атап өтті. Өйткені бұл — мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы облыстық филиалының директоры Нұргүл Әбішева Ата Заңға енгізілетін әрбір өзгеріс қоғам өміріне тікелей әсер ететінін, оған байланысты жалпыхалықтық референдумға қатысып, дауыс беру әр азаматтың борышы екенін алға тартты.
— Ата Заңның жаңа жобасында адам, оның қадір-қасиеті, құқығы мен бостандығы басты құндылық ретінде бекітіліп, мемлекеттік дамудың жаңа моделі айқындалды. Себебі Ата Заң — елдің тынысы, ұлттың ұстыны мен бірлігінің кепілі.
Бұл — әділетті әрі жауапты мемлекет құру жолындағы нақты шешім. Сондықтан дауыс беріп, бұған қатысты өз көзқарасыңызды білдірген дұрыс, — деді ол.
Өңірлік коалиция мүшелері адам құқығы мен бостандығы, еркіндігі басты назарға алынғанын, соның ішінде ерекше мәнге ие норма — Миранда ережесінің Конституциялық деңгейде бекітілгенін тілге тиек етті. Бұл өзгеріс азаматтардың құқықтық қорғалуын арттырып, құқық қорғау органдарының қызметіне жаңа талап қояды.
Осы тақылеттес пікірді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы, профессор Сабыржан Мұхтаров та айтып, Конституцияның жаңа жобасының ерекшеліктеріне тоқталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.