Хромтау қаласында 18 наурыз – Ұлттық киім күні ерекше сән-салтанатымен, ұлттық рухты асқақтатқан мазмұнды іс-шара ретінде кең көлемде аталып өтті. Мерекелік шеруге 1000-ға жуық тұрғын қатысып, қазақы нақыштағы киімдердің әсемдігін көпшілікке паш етті.
Ою-өрнекпен әрленген, ата-бабадан мирас болған ұлттық киімдерге енген терең мағына мен көркемдік үйлесімі шараға айрықша әр берді. Әр буын өкілдерінің бір сапта тоғысуы – ұлт мәдениетінің сабақтастығын айқындап, өткен мен бүгінді жалғаған тағылымды көрініске айналды.
Бұл тағылымды шеру – ұлттық мұраны ұлықтап, төл мәдениетіміздің құндылығын дәріптеумен қатар, жас ұрпақтың санасына салт-дәстүрге деген құрметті сіңіруге бағытталған маңызды қадам болды. Ұлттық киім – ұлттың айнасы, ал оны дәріптеу – елдік пен бірліктің жарқын көрінісі екені тағы бір мәрте дәлелденді.
