"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Президент Таза Қазақстанның түпкі мәні қоғамдық сананы жаңғырту екенін атап өтті

АСТАНА.KAZINFORM — ️Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының түпкі мәні қоғамдық сананы жаңғырту екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
— Қоғамда тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін орнықтырудың мән-маңызы зор.

Осы ретте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын айрықша атап өткен жөн. Бұл бастама қала мен ауылды абаттандыру жұмысымен шектелмейді. Оның түпкі мәні — қоғамдық сананы жаңғырту.

Сол арқылы азаматтарымызды қастерлі Отанымыз — Қазақстанның тағдырына бей-жай қарамай, болашақтың іргесін бірге қалауға шақыру, — деді Президент.
Мемлекет басшысы жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналғанымызды атап өтті.

— Жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет бар жерде ғана өсіп-өркендеуге, дамуға жол ашылады. Бұл — өркениетті мемлекеттер мен халықтардың барлығына ортақ ұстаным. Осы құндылықтар жаңа Халық Конституциясына арқау болып отыр.

Біз дамудың даңғыл жолына түсіп, жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналдық. Нақты жетістіктеріміз бар. Бұл — ең алдымен, сапалы адам капиталы, — деді ол.

https://kaz.inform.kz/news/prezident-taza-kazakstannin-tupk-man-kogamdik-sanani-zhangirtu-ekenn-atap-ott-5e4992/