"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Президент: Заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде қоғамда заң үстемдігі қағидатын, яғни, заңға бағыну мәдениетін түбегейлі орнықтыруымыз қажет екенін айтты. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс: қоғамдық орындағы жүріс-тұрыс мәдениетінен, оның ішінде жиын-тойлардан, тұрмыстық мәдениеттен бастап, жолда көлік жүргізу мәдениетіне дейін осы мызғымас қағидатқа сай болуы керек. Мен бұған дейін де өз сөздерімде жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталдым. Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге болмайды. Бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр. Демек бұл жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек. Азаматтар бекітілген ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырған дұрыс. Полицейлермен тәжікелесу, тіпті оларға шабуыл жасау фактілерін тыю қажет. Мұндай жағдайларға, сондай-ақ құқықтық нигилизм дертіне шалдыққан адамдарды, басқаша айтқанда, сотқарлар мен бұзақыларды «қаһарман» жасауға заң аясында қатаң шара қолдану керек. Біз өркениетті ұлт болғымыз келсе, полицейлердің, дәрігерлердің, мұғалімдер мен қызмет көрсету саласы мамандарының, жалпы, адал әрі заңға бағынатын азаматтардың ар-намысына тиетін кез келген әрекетке батыл түрде тосқауыл қоюымыз қажет, — деді Президент.
Еске сала кетейік, осы жиында Президент «озық мемлекеттің қазығы — ғылым, ал қазынасы — ғалым» екенін айтты.

Тоқаев ғылымға көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау шараларына тоқталды.

Президент Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоятынын айтты.

https://kaz.inform.kz/news/prezident-zan-men-tartp-ideologiyasi-kundelkt-omrdn-barlik-salasinda-katan-saktaluga-tis-4002b1/