Көктауда игі дәстүр жалғасып жатыр. Ақтөбе мыс компаниясының қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар тұрақты түрде сенбіліктерге шығады.
«Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясындағы кезекті акция Ор өзенінің жағалауында өтті. Қатысушылар жағалау аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартты.
Тазалық жұмыстарына кәсіпорынның әртүрлі бөлімдері мен цехтарының өкілдері қатысты. Қатысушылар мұндай шаралар тек тазалық орнатуға ғана емес, табиғатқа ұқыпты қараудың маңызын еске салатынын атап өтеді.
— Тұрғындар да, қызметкерлер де сенбілікке бір адамдай шықты. Айналаны таза ұстау үшін еңбек етудеміз. Үнемі шығамыз, бірақ қоқыс әлі де көп. Әсіресе, пайдаланылған пластик бөтелкелер мен шыныларды көшеге тастай салады. Тазалықты сақтау маңызды. Егер әркім тәртіпті сақтаса, бұл бәріне пайдалы болады, — дейді Ақтөбе мыс компаниясы орталық зертханасының электр слесарі Мейірбек Тыныштықов.
Сенбіліктер аталған кәсіпорынның өндірістік алаңында да басталды. Аптасына бір рет қызметкерлер өз цехтары мен вахталық қалашықтарының аумағын тазалайды. Бұл жұмысқа бөлімше басшылары да белсенді қатысады.
«Жыл сайын көктемнен қыс түскенге дейін бізде сенбіліктер өтеді. Бекітілген аумақтарды тазалап, ауылға көмектесеміз. Әр қызметкер қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосуы тиіс деп санаймын», — дейді кәсіпорынның бас директорының байыту өндірісі жөніндегі орынбасары Сергей Саломатов.
Тұрақты тазалық пен өндірістік алаңды абаттандырудан бөлек, кеншілердің алдағы жоспарында көгалдандыру жұмыстары да бар.
Биыл комбинат аумағында және жақын маңдағы елді мекендерде жасыл желек қорына қосымша шамамен 600 көшет отырғызу жоспарланып отыр.
