Аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысында өңірдің дамуына әсер ететін өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Басқосуға аудандық мәслихат төрағасы Эльмұрат Болатов, сондай-ақ фракция мүшелері мен бөлім басшылары қатысып, ортақ міндеттер төңірегінде пікір алмасты.
Жиынды партия филиалының атқарушы хатшысы Рүстем Шакизаев ашып, жүргізді.
Отырыста партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Жол картасының орындалу барысы талқыланды. Депутаттар атқарылған жұмыстарды сүзгіден өткізіп, нақты нәтижелерге тоқталды. Алдағы кезеңде басымдық берілетін бағыттар да айқындалды. Әсіресе инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және күнделікті түйткілдерді шешуге бағытталған бастамаларға ерекше мән берілді.
Отырыста «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларының іске асу барысы да назардан тыс қалмады. Бұл бастамалардың ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және қаржылық сауаттылықты көтерудегі үлесі нақты деректермен айтылды. Депутаттар жобалардың тиімділігін арттыру үшін бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен қатар депутаттық сауалдардың сапасы мен орындалу деңгейіне талдау жасалып, бұл бағыттағы жұмысты жүйелеу қажеттігі көтерілді. Тұрғындардан түскен өтініштердің орындалуы сараланып, алдағы уақытта халықпен кері байланысты күшейту — басты міндеттердің бірі екені атап өтілді.
Жиын барысында мәслихат депутаттарының халық алдындағы есептік кездесулерінің кестесі бекітіліп, оны өткізудің тиімді тәсілдері түсіндірілді.
Л.ӘБДІРОВА.
