"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Еңбеккер бейнесінде – Асланбек Сәрсенов

Дөң тау-кен байыту комбинатында бірлігі мығым, ынтымағы жарасқан, сол қасиеттерінің арқасында табысқа жетіп жүрген кеншілер бригадасы аз емес. Солардың бірі – Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтаның бригадирі Асланбек Сәрсеновтың командасы. Былтыр мамыр айында бригада биіктігі 3 метр, салмағы 8 тонна болатын Redbor бұрғылау  комбайнын жерастының аралық қабатына түсірді.Ұңғылау жұмыстарына жол салып берер бұл техниканың аралық қабатқа түсуі – комбинат тарихында алғаш рет болған жағдай.

 

 

Тиянақты тірлік пен бірлік табысқа жеткізер.Асқан жауапкершілікпен атқарылған іс жайлы Асланбек былай деді:

– Біз жерасты ұңғылау және бұрғылау жұмыстары учаскесіндеміз. 2023 жылдың көктемінде аралық қабатқа жеті бірдей кенқұдық (рудаспуск) яғни вертикальді ұңғылау жұмыстары қажет болды. Сондықтан біздің бригадаға шахтаішілік ең үлкен техника саналатын комбайнды жер астына түсіру міндеті қойылды. Бұрын-соңды комбайн аралық қабатқа түсірілмеген екен. Ал енді өзіңіз елестетіп көріңіз, жер астында басқа жабдықтарын қоспағанның өз салмағы 8 тонна болатын көлікті кіргізу қалай болатынын. Бұл жерде командамның бірлесе, уақыт оздырмай тоқтаусыз еткен еселі еңбегі тұр. Міне осылайша, өндіріс процесін кідіртпес үшін тәуекел етіп, бригада жігіттерімен алып техниканы жер астына түсірдік. Өзімнің негізгі мамандығым – слесарь. Осы істе бұрынғы кәсібімді қайта қолданып, екінші слесарь, әріптесім Нарынбай Баймағанбетов екеуміз техниканы үш бөлікке бөліп, жігіттермен төменге тасыдық. Түскен соң оны қайта құрастырып, қалыпқа келтірдік. Ал техниканы төмен түсіру үшін материалдық жүріс өрлемесін  (МХВ) ұңғылаушылар дайындап берген болатын. Жоғарыда айтқан кенқұдықтың өзі 40 метрлік. Кеншілер оны төменгі горизонттан аралық қабатқа өткізу қажет. Сол екі аралықтың жолын аршуда Redbor көлігі маңызды рөл атқарады.Бұрын кеңестік комбайндар болса, қазір шведтік техникаларды қолданып жүрміз.

Бригадирдің сөзінше, осы жұмыстың дайындығына анық екі айдай уақыт кеткен. Команда құрамында 18 адам бар. Бәрі– бір тоқтамға келе алатын, жұмыстың уақытын текке өткізбейтін жауапкершілігі мол жігіттер. Асланбек Сәрсеновтың бұл бригадаға басшы болғанына 4-5 жылдың шамасы болыпты. Біреуге аз, біреуге көп мерзім. Әйтсе де, осы аралықта өздеріне міндеттелген жүкті абыроймен атқарып келеді. Ал өндіріске керегі де  осы – бірлік, жауапкершілік, тиімділік. Еңбек жолын «Молодежная» шахтасында бастаған кейіпкеріміз саналы ғұмырының 24 жылын комбинатта өткізген.

Бригадир Асланбек Сәрсенов комбайнды аралық қабатқа түсіру ісін қолға алып, жоғары өнімділік көрсеткені үшін былтыр Құрмет тақтасына ілініп, басшылықтың марапатына ие болды. Бұған дейін «Еңбек даңқы» төсбелгесін таққан кеншінің еңбегі еленіп, жетістіктерге жетіп келеді.

– Ауылдың жігіттеріміз ғой. Сексен жетіде Хромтауға қоныс аударып келген едік. «Екі қолға бір күрек» деп бір қарапайым істі жүргізіп, нанымды тапсам деген ой ғана болатын. Бірақ маған бұдан да зор мүмкіндік бұйырды. Дөң тау-кен байыту комбинатына тау-кен жұмысшысы ретінде кіріп, қазір ең мықты ұжыммен қызметтес болып келе жатырмын, — деді ол.

Қазіргі таңда аталған бригада Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтаның  +40 және минус 160-горизонттарында комбайнмен ұңғыма жолдарын дайындап жүр.Команда жаңа жылға қойған межелі мақсаттарына жету үшін бар күш-жігерлерін салуға дайын.

 

Арайлым Ғани

Алексей Пименовтың фотосуреті

ПІКІР ЖАЗУ