Еліміздің өңірлерін велосипедпен аралап, Қазақстанның тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуды мақсат еткен жас саяхатшы Бүрлен Әділетқызы Хромтау ауданына арнайы ат басын бұрды. Қонақты Хромтау жастары қарсы алып, кеншілер өлкесінің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Сапар барысында Бүрлен ең алдымен ауданның өндірістік әлеуетін айқындайтын тарихи орындардың бірі — Мирный карьеріне барып, кен өндірісінің даму жолы мен Хромтаудың қалыптасу тарихы жөнінде мағлұмат алды.
Сонымен қатар, саяхатшы Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжінде болып, білім мен өндірісті ұштастырған заманауи оқу үдерісімен танысты. Жастарға ұсынылған мүмкіндіктер мен кәсіби бағыттағы жұмыстар оның ерекше қызығушылығын тудырды.
Күн сайын жаңарып, келбеті айшықталып келе жатқан Хромтау қаласындағы жаңа Мәдениет орталығы мен заманауи Спорт кешені де қонақ назарынан тыс қалмады.
Аудан әкімінің қолдауымен жастарға жасалған жайлы жағдайлар, бос уақытты тиімді өткізуге арналған инфрақұрылым, саяхатшыға ерекше әсер сыйлады.
Осындай тағылымды кездесулер арқылы жастар арасында туған жерге деген құрмет артып,өңірдің туристік әрі мәдени әлеуеті кеңінен насихатталуда.
