"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Олжас Бектенов Дүниежүзілік банк сарапшыларымен Қазақстан экономикасына салынатын инвестициялар ағынын ұлғайту жөніндегі шараларды талқылады

Қазақстан Республикасының Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа инвестициялық циклды жүзеге асыру мәселелері бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттер шеңберінде Дүниежүзілік банктің Орталық Азия жөніндегі директоры Наджи Бенхассин бастаған халықаралық сарапшылармен кездесу өткізді.

Талқылауға Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Президенттің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және тағы басқалар қатысты.

Кездесу барысында табысы жоғары экономикаға көшу, экономиканың өнімділігі мен тиімділігін арттыру, инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект, қаржыландырудың заманауи құралдары сынды стратегиялық мәселелер бойынша пікір алмасылды. Бұл бағыттар экономикалық өсудің анағұрлым бәсекеге қабілеттілігімен және оның технологиялық моделін қалыптастыру міндетімен тікелей байланысты. Ал өз кезегінде, түрлі салаларда жүргізіліп жатқан реформалар инвестицияларды ұлғайту жөніндегі күш-жігерді толықтырады.

Кездесуді аша отырып, Олжас Бектенов Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру қарқынын арттыруға және инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуға басымдық беретінін атап өтті. Жаңа Конституцияның қабылдануымен Қазақстан өзінің дамуының жаңа кезеңіне көшуде.  Инвестициялық саясат және инвестициялар тарту экономикалық өсудің тұрақты динамикасын қолдаудың, инфрақұрылымды жаңғыртудың, технологияларды жаңартудың және өнімділікті арттырудың негізгі факторлары болып отыр.

«Мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі көбінесе экономикалық саясаттың сапасы, институционалдық өзгерістердің жылдамдығы, сондай-ақ болжамды және тартымды іскерлік орта қалыптастыру қабілетімен айқындалады. Президент тапсырмасы бойынша Қазақстанда инвесторлармен өзара іс-қимылдың тұтас архитектурасы құрылуда. Яғни, капитал тарту үшін шет елдерде сыртқы контурды күшейтуден бастап инвесторлардың құқықтарын қорғауды нығайту әрі ел ішіндегі жобаларды қолдаудың тиімділігін арттыруға дейінгі кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Барлық қабылданған шешімдер Қазақстан азаматтарының табысын арттыруға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

ҚР Премьер-министрі Дүниежүзілік банк өкілдерін инвестиция тарту мақсатында құрылған еліміздегі экожүйе туралы хабардар етті. Жаңа шаралардың қатарында инвесторлар мен жоғары білікті мамандарға қызметі барысында жағдай жасау үшін «Алтын виза» деп аталатын визалық режимді енгізу, бірлескен бастамаларды тиімді ілгерілету үшін Үйлестіру кеңесінің рөлін күшейту бар.

Кездесуге қатысушылар ағымдағы ахуалға сарапшылық көзқарастарын білдіріп, әлемдік үрдістер жағдайында тікелей шетелдік инвестициялар ағынын арттыру бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша директоры Наджи Бенхассин Қазақстандағы экономикалық процестерді жақсарту және жаңғырту жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалады. Оның айтуынша, еліміз тұрақты инвестициялық тартымдылықты сақтап отыр. Сонымен қатар, жоғары кірісті экономикаға көшу өсу моделін өзгертуді және инвестициялардың тиімділігін арттыруды талап етеді. Мұндағы маңызды міндет – өнімділікті арттыру.

Дүниежүзілік банктің жетекші экономисі Кристос Костопулостың бағалауы бойынша Қазақстан бірқатар серпінді дамып келе жатқан экономикалармен салыстыруға келетін ЖІӨ өсімінің тұрақты қарқынын көрсетіп отыр, бұл дамудың жаңа кезеңіне өтуге негіз жасайды. Ол еңбек өнімділігінің өсуіне инновацияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Нарықтық тетіктерді пайдалана отырып, компанияларды заманауи технологияларды белсенді қолдануға ынталандыру қажет. Бұл өз кезегінде тұтастай алғанда ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне алып келеді.

Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша көлік жөніндегі практика жетекшісі Шомик Радж Мендиратта Қазақстанның көлік инфрақұрылымының инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі мүмкіндіктеріне назар аударды және әуежайлар, порттар, теміржол және автомобиль жолдары, сондай-ақ қалалық көлік жобаларына ТШИ тартуды одан әрі ұлғайту үшін ұсынымдарын айтты.

Дүниежүзілік Банктің цифрландыру бойынша практика жетекшісі Изабель Нето Павлодар облысындағы «ДӨО алқабы» жобасына назар аударып, оның өңірдің инвестициялық тартымдылығы үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, оның айтуынша, Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымды дамыту кезінде үлгі етуге болатын Бразилия мен Грекияда көптеген халықаралық оң мысалдар бар.

Сонымен қатар, қатысушылар еліміз үшін маңызды жобаларға жеке капиталды тарту тетіктеріне де назар аударды. Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) Орталық Азия бойынша өңірлік менеджері Майкл Опаги МЖӘ жобалары бизнес үшін экономикалық жағынан тартымды болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл жеке инфрақұрылымдық инвестициялардың әлеуетін ашады.

Көтерілген мәселелерге қатысты Ұлттық банктің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, Ұлттық экономика, Көлік, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің басшылығы түсініктеме берді.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ұзақ мерзімді шетелдік инвестицияларды тарту үшін негізгі шарттардың бірі ретінде макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті, өйткені инвесторлар үшін болжанатын макроэкономикалық ортаның және инфляциялық тәуекелдерді төмендету мүмкіндігінің болуы тұрақты кірістілікті қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Осыған байланысты технологияларды трансферттеуге, жабдықты жаңғыртуға және өнімділікті арттыруға, сондай-ақ фискалдық және ақша-кредит саясатын тиімді үйлестіруге бағытталған инвестицияларға назар аудару қажет.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселесі бойынша Президенттің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев жобаларды дұрыс құрылымдаудың, Дүниежүзілік банктің тәжірибесін қоса алғанда, елішілік және халықаралық тәжірибені зерделеудің, сондай-ақ МЖӘ саласындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, МЖӘ құралдары стратегиялық мақсаттарға жету және жаңа инфрақұрылым құру үшін пайдаланылуы тиіс.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің жаңа белсенді инвестициялық саясатты жүзеге асырып жатқанын атап өтті. 2025 жылы Қазақстан бір жыл бұрынғы $17,9 млрд-пен салыстырғанда $20,5 млрд инвестиция тартты. Сонымен қатар, экономикалық дамудың жаңа моделіне көшу шеңберінде еңбек өнімділігін арттыру, технологияларды енгізу және адами капиталды дамыту жөнінде шаралар қабылдануда. Басым бағыттардың қатарында көмір химиясы, мұнай-газ химиясы, химия өнеркәсібі, металлургия, АӨК өнімдерін қайта өңдеу, туризм және фармацевтика көрсетіліп отыр. Сондай-ақ, бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін әлемдік жетекші компанияларды тарту жұмыстары жүргізілуде.

Кездесуді қорытындылай келе, Премьер-министр қатысушыларға мазмұнды диалог пен сындарлы ұсыныстары үшін алғысын білдірді. Жауапты мемлекеттік органдарға әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында айтылған ұсынымдарды бекіту тапсырылды.

«Үкімет өзара тиімді серіктестікті арттыруға бағытталған ұсыныстарға қашан да ашық. Бүгінгі кездесу қазіргі жағдайда жеке сектордың белсенді қатысуы мен сапалы институционалдық ортаны, бәсекелестікті дамытуды және инновацияларды енгізуді қамтамасыз етпейінше тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу мүмкін емес екенін тағы да растады. Ағымдағы сессияның қорытындысы біздің барлық саладағы бірлескен жұмысымызға жаңа серпін беретініне сенімдімін», — деді Олжас Бектенов.