"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Тәртіп және жауапкершілік

«Заң мен тәртіп» жобасының аясында Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық техникалық колледжінде «Құқықбұзушылық және жауапкершілік» тақырыбында кездесу өтті.

1-2 курс оқушылары қатысқан кездесуде қоғам алдындағы жауапкершілік, құқықтық сауаттылықтың және заң мен тәртіпті сақтаудың маңызы сынды мәселелер төңірегінде сөз қозғалды.
Кездесуге Ақтөбе қалалық полиция басқармасының Алматы аудандық №3 ҚПБ-ның кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Әмірлан Бейбітов қатысты. Әңгіме барысында ол жастарға суық қару мен тыйым салынған заттарды ұстаудың қауіптілігі, зорлық-зомбылық, бопсалау, буллинг және кибербуллинг жасаған жағдайда, заңда қандай жаза қарастырылғаны, көлікті рұқсатсыз жүргізудің, есірткіні пайдалану мен таратудың, сондай-ақ лудоманияның салдары жөнінде жан-жақты түсіндірді. Сонымен бірге жазғы демалыс кезінде жеке қауіпсіздік ережелерін ұстануға шақырды.
Жиында колледждің бөлім меңгерушісі Бибігүл Ешбаева мен әдіскер Айгүл Қоңтаева да сөз сөйлеп, «Заң мен тәртіп» жобасы аясында колледжде жүргізіліп жатқан жұмыс, ішкі тәртіп сақтау мәселелеріне тоқталды. Ұстаздар әсіресе құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлескен жұмыстың тиімділігін атап өтті.

Айна САРЫБАЙ.