"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Еңбек адамы

ЕРКЕБҰЛАННЫҢ БРИГАДАСЫ ЖӘНЕ ОҢТАЙЛЫ ЖОБА

«Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтасының ұңғылаушы-бригадирі Еркебұлан Боккариннің еңбек жолы жас кеншілерге үлгі.

Әскерден келіп, болашақтың қамына енді кіріскен Еркебұлан Бақыткерейұлы 2007 жылы комбинатқа жұмысқа тұрды. Шахтаға материалдар жеткізушіден бастаған еңбек жолының әр жылын бағалайтын қызметкерлер — функционалдық міндетті орындаушы ғана емес, қызметті ұйымдастыруда қабілетті. Осы қасиетінің арқасында алты айдан кейін ұңғылаушы кәсібіне ауысып, кейін 13 адамнан құралған бригаданы басқарады. Ол бұл қызметті он екінші жыл тізгіндеп келеді.

— Зауыт, комбинаттарда жұмыс істеу кез келген адамды шыңдайды, өсіреді. Ал біздің қалада мұның барлығы бар. Осылайша мен де Хромтаудан алшақтамай, кәсіпорынға келіп тұрақтадым. Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтасында, жердің бетінде жүріп, шыңырауға бекітпе материалдарын жібердім. Соның өзі маған ерекше қызық болатын. Ал жарты жылдан кейін нағыз шахтер атанып, жүздеген метр жер астына түсу, мені басқа әлемге жетелегендей. Жеті қат жер астындағы өмір, қараңғылық, әр жерден жарқыраған шамдар, судың тырсылы, электровоздар және сонда еңбек етіп жүрген адамдарды көргенде таңқалдым, қызықтым, шабыттандым. Нағыз өз жұмысымды тапқаныма тағы бір көз жеткіздім. Міне, сол қайнаған қызметте жүргеніме биыл он жеті жыл болады екен, — деп әңгімесін бастады Еркебұлан Боккарин.

Әйтсе де кейіпкеріміз жер астындағы еңбектің де өз қиын¬дықтары, өз ере¬желері барын айтты. Ол мұнда қауіпсіздік техникасы бірінші орында тұратынын талай жылдық еңбек өтілі бар жұмысшы да  ұмытпауы қажет дегенді алға тартады.

Еркебұлан еңбек етіп жүрген шахта — өз кезегінде аяғын нық басып, хром кенін өндіру жоспарына сай жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқан кәсіпорынның негізгі цехтарының бірі. Алда осы шахтаның екінші кезегін ашу жоспарда бар. Әрине бұл механизмнің артында кейіпкеріміз секілді білекті, шыныққан шымыр, сайдың тасындай іріктілген жігіттердің еңбегі тұр. Олай деуге себеп — Еркебұлан спорттан да алыс емес. Жастайынан самбо, дзюдо, қазақ күресінен белдесіп жүрген азамат өндірістегі жетістігінен бөлек, спорттағы жеңістерімен де талай қуантты. 100 келі салмақта сынға түсетін шахтер былтыр дзюдодан спорт шеберіне үміткер атанып, Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында үшінші орын иеленді. Сонымен қатар Оралда самбодан күнтізбелік турнирде 16 облыстың арасынан бір өзі бірінші орынға ие болып, жеңіспен оралған.

Еркебұлан Бақыткерейұлының биылғы жоспарына қарасақ, он екі айға бөлінген республикалық және халықаралық чемпионаттардың тізімін көрдік. Қазір ол жұмыстан кейін бірден жаттығу залына барып, дайындыққа кіріседі. «Ұлу жылын да жеңіске толтырамын» деген мақсаты бар. Сәттілік тілейміз, әрине.

— Ашылғалы бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан шахта әрі қарай да ілгерілеуі қажет. Сондықтан ауысымда кенжарды (забой) тесіп, аршылған жерлерді бітей салуды ойламай, шахтаның тоқтаусыз тірлігі үшін тиімді әдістер мен шешімдер де қабылдай білген абзал. Біздің кәсіпорында «ERG Way» деп аталаын жоба бар. Бұл — жұмысты оңтайландыру, идея тастау арқылы өндіріс процесін тиімді жүргізуге бағытталған бағдарлама. Өткен жылдары осы жобаға әріптесім Ұлан Құлсарин және учаске басшысы  Өміржан Қыраубаевпен бірлесіп, жақсы бір идея ойлап тапқанбыз. Шахтадағы кен қазу сөрелерінен қалған ескі, алайда бүтін темір-бетон бөренелерді бекітпелердің астына рама есебінде қайта қолдануды ұсындық. Бұл ойымыз басшылыққа ұнап, 2022 жылы ERG-дің  Иннаваторлар форумына дейін алып барған табысты жобаға айналды. Қазір таңда аталған идея шахтерлердің игілігінде жүр. Әлі күнге дейін осы шешіммен жұмыс істеп жатырмыз. Мен бұл үшін қатты қуандым. Өндірістік процесті оңтайландыруды жер астындағы жұмысшылар жақсы біледі. Себебі біздер шахтаның әр тынысын күнде көріп жүрміз. Өзге де әріптестерімнің  осындай әдістерді ойлап табуларын қалаймын, — дейді бригадир Еркебұлан.

 

Арайлым ҒАНИ,

Алексей Пименовтың суреті.

ПІКІР ЖАЗУ