Ауылдың өркендеуі — елдің өркендеуі. Туған жердің тыныс-тіршілігіне жанашырлықпен қарап, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай еңбек ету — нағыз мемлекеттік қызметшінің басты міндеті. Осындай жауапты жолда табандылық танытып, саналы ғұмырын ел игілігіне арнап келе жатқан азаматтардың бірі — ауданымызға қарасты Аққұдық ауылының әкімі Қайрат Тәшенов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Президенттің «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттары бүгінде елді мекендерде нақты істер арқылы жүзеге асуда. Себебі ауылдың дамуы — мемлекеттің дамуы, ал халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, елдің игілігі үшін адал еңбек ету — мемлекеттік қызметтің басты өлшемі.
Осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған Қайрат Қажығалиұлы Хромтаудың бұрынғы атауы — Новоресей ауданының Майтөбе ауылында дүниеге келді. Балалық шағы туған өлкедегі Көктерек ауылында өтіп, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін жастайынан бойына сіңірді. 1982 жылы Көктөбе орта мектебін тәмамдап, азаматтық борышын өтеуге аттанды. 1983-1985 жылдары Ккеңес әскері қатарында әскери қызмет атқарып, тәртіп пен табандылық мектебінен өтті. Әскери борышын абыроймен орындағаннан кейін білім жолын жалғастырып, 1985 жылы Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. 1990 жылы аталған оқу орнын зоотехник мамандығы бойынша тәмамдап, туған жердің дамуына қызмет етуге бел буды.
— Мемлекеттік қызметші ең алдымен халықтың сенімінен шыға білуі керек. Меніңше, мұндай міндет жүктелгеннен соң елдің мұң-мұқтажына бейжай қарамай, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асып, әр мәселенің оң шешілуіне күш салуымыз қажет. Президентіміз азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қоюды басты талаптардың бірі ретінде белгілеп отыр. Сондықтан мемлекеттік қызметші ашық, әділ, кәсіби әрі бастамашыл болуға тиіс. Әсіресе ауылдық жерде қызмет ететін маман үшін халықтың сенімі — ең үлкен баға. Сондықтан осы үдеден шығу жолында тер төгіп жүрміз. Мемлекеттік қызметшінің басты қағидаты — елге қызмет ету. Халықтың тұрмысын жақсартуға, ауылдың дамуына үлес қосу, әр тұрғынның мәселесіне түсіністікпен қарау — біздің негізгі міндетіміз. Сонда ғана мемлекет пен халық арасындағы сенім нығайып, еліміздің дамуына нақты үлес қоса аламыз, — дейді Аққұдық ауылының әкімі Қайрат Тәшенов.
Бүгінде кейіпкеріміз жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, ауылдың өзекті мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге күш салып келеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының ауыл инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында Аққұдық ауылына кіреберіс 14 шақырым жолға асфальт төселді. Бұл — тұрғындардың қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға серпін берген маңызды жоба.
Сонымен қатар ауылішілік көшелерді күтіп ұстау, қыс мезгілінде қардан уақытылы тазарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында санитарлық тазалық шаралары ұйымдастырылып, ауылдың көркін келтіретін орталық саябақ абаттандырылды.
Инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Қатынадыр елді мекенінде 50 жарық бағанасы жаңартылып, көше жарығы жүйесі заман талабына сай жаңғыртылған. Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының игілігі үшін жүзеге асырылған әлеуметтік жобалар Аққұдықтың ажарын аша түсті. Атап айтқанда, елді мекенде бой көтерген медицина пункті халыққа сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік берсе, ауылішілік жолдардың асфальтталуы тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, ауыл келбетіне жаңа көрік қосты.
Ауыл әкімі алдағы уақытта да елді мекенді дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын айтады. Негізгі мақсат — халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және мемлекет жүктеген міндеттерді сапалы орындау.
Бүгінде Аққұдық ауылында жүзеге асып жатқан игі бастамалар елді мекеннің жаңа тынысын ашып, тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтуда.
Ләззат Әбдірова
