"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

МЕРЕЙДІҢ ТАҢДАУЫ

Мемлекеттік қызмет саласында еңбек жолын бастаған жас маман Мерей Олжабаева өз білімін халық игілігіне жұмсауды басты мақсат етіп отыр. Жауапкершілігі мол, кәсіби дамуға ұмтылған Мерей мемлекеттік қызметті елге пайда келтірудің маңызды мүмкіндігі деп санайды.

Ол Қарағанды қаласында дүниеге келген. Туған жерінде өсіп, мектепті тәмамдағаннан кейін жоғары білім алу мақсатында Алматы қаласына аттанып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсті. Кадастр мамандығын таңдаған Мерей оқу барысында жер қатынастары саласының ерекшеліктерін меңгеріп, болашақ кәсіби бағытын айқындады.
Өткен жылы жоғары оқу орнын аяқтаған соң еңбек жолын жастар практикасы бағдарламасы арқылы бастады. Алғашқы жұмыс тәжірибесі жас маманға мемлекеттік мекеме жұмысын меңгеруге, кәсіби қабілеттерін шыңдауға және халықпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Еңбек жолындағы ізденісі мен жауапкершілігінің арқасында биыл ақпаннан бастап Хромтау ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде бас маман міндетін атқарушы қызметіне кірісті. Ал қазір осы бөлімде бас маман лауазымында қызмет атқарып келеді.
Мерейдің айтуынша, мемлекеттік қызметті таңдаудағы басты мақсаты — өз білімін, тәжірибесін және қабілетін қоғам игілігіне бағыттау.
— Мемлекеттік қызмет халықтың мүддесін қорғауға, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Бұл салада еңбек ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мемлекеттік қызметкер адал, әділ, кәсіби білікті болып, заң талаптарын сақтап, азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге ұмтылуы керек, — дейді кейіпкеріміз.
Жас мемлекеттік қызметші үшін бұл сала — тұрақты даму мен кәсіби өсуге жол ашатын маңызды бағыт. Ол өз міндеттерін адал атқарып, мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға және қоғамға пайдалы болуға үлес қосуды көздейді. Өз ісіне ұқыпты, білімін тәжірибемен ұштастыра білетін Мерей Ерболқызы — мемлекеттік қызметтегі жаңа буын өкілдерінің бірі.