Мемлекеттік қызмет — қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын, үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін сала. Бұл жолды таңдаған әрбір азамат елдің өркендеуіне өз үлесін қосып, халықтың сенімін ақтауға ұмтылады. Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында жас болса да жауапты қызмет атқарып жүрген мамандардың бірі — Хромтау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Досмағамбетов туралы сөз қозғағанды жөн көрдік.
Медет Мұратұлы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қарапайым, еңбекқор отбасында тәрбиеленіп өскен жас маман ата-анадан алған тәрбие мен ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қағидаларын берік ұстанып өсті. Бала күнінен қоғамдық өмірге қызығушылық танытқан Медеттің ел басқару ісіне, мемлекеттік саясатқа араласуға деген арманы болған. Оның бойындағы жауапкершілік пен елге қызмет етуге деген құлшыныс мектеп қабырғасынан-ақ байқалатын. Уақыт өте келе өмірдің түрлі кезеңдері мен жаңа мақсаттар бұл арманды біршама алыстатқанымен, жүректегі елге қызмет ету ниеті ешқашан өшкен емес.
Жас талаптың білім жолындағы ізденісі оны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне алып келді. Ол көлік, көлік техникасы және технологиялары мамандығын таңдап, білім ордасында үздік нәтижелер көрсетті. Студенттік жылдары теориялық біліммен қатар, еңбекқорлық пен табандылық қасиеттерін шыңдап, жоғары оқу орнын үздік көрсеткіштермен тәмамдады.
2025 жылы университетті сәтті аяқтаған соң, жас түлек өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастауға мүмкіндік іздеді. Дәл осы кезеңде Мемлекет басшысының бастамасымен жоғары оқу орындарын GPA көрсеткіші жоғары түлектер қатарынан мемлекеттік қызметке конкурстан тыс іріктеу мүмкіндігі ашылды. Бұл — білімді, талапты жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған маңызды қадам болатын.
Осы мүмкіндік Медет Мұратұлының өміріндегі жаңа белесті айқындады. Ол Хромтау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қызметке қабылданып, биыл ақпан айында бас маман міндетін атқарушы ретінде еңбек жолын бастады. Ал сәуірден бастап бөлімнің бас маманы лауазымына тағайындалды.
Жас маман үшін мемлекеттік қызмет — тек жұмыс емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Қазіргі таңда ол аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды міндеттерді атқарып жүр. Атап айтқанда, коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту, елді мекендерді абаттандыру, тұрғын үй қорын басқару және санитарлық нормалардың сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстарға белсенді қатысады.
Көпшілік үшін күнделікті қалыпты көрінетін жарықтың жануы, көшелердің тазалығы, ауыз судың қолжетімділігі, жолдардың жағдайы немесе тұрғын үйлердің коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етілуі — осы сала мамандарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Сондықтан тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау жолындағы әрбір іс мемлекеттік қызметшінің кәсіби жауапкершілігімен тікелей байланысты.
Медет Мұратұлы қызметке келген аз уақыт ішінде өз ісіне ұқыптылығымен, тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындауға деген талпынысымен ерекшеленіп келеді. Әріптестері оны ізденімпаз, жаңашылдыққа бейім және ұжыммен тіл табыса білетін маман ретінде бағалайды. Жас болса да, өзіне жүктелген міндеттердің маңызын терең түсініп, мемлекеттік қызмет қағидаттарын берік ұстануға тырысады.
Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік қызметтің жаңа моделі қалыптасып келеді. Бұл жүйеде кәсібилік, ашықтық, әділдік және халыққа бағдарлану қағидаттары басты орынға қойылған. Осындай өзгерістер кезеңінде мемлекеттік қызметке келген білімді жастардың рөлі ерекше. Олар жаңа идеялар ұсынып, цифрлық технологияларды тиімді қолдану арқылы мемлекеттік басқару жүйесінің дамуына серпін береді. Медет Мұратұлы да сол буынның жарқын өкілдерінің бірі. Ол өзінің еңбек жолын енді бастап жатқанымен, ел игілігі жолында аянбай қызмет етуге дайын. Жастарға берілген мүмкіндіктің нақты нәтижесін көрсетіп жүрген маманның алдағы уақытта да кәсіби тұрғыда өсіп, халық сеніміне лайық қызмет ететініне сенім мол.
