Көктау ауылында ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын жаңа орталық ашылды.
Ақтөбе мыс компаниясының қолдауымен «Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің ауылдық филиалы ел игілігіне берілді. Мұнда салт-дәстүр сабақтастығын сақтау, мәдени мұраны дәріптеу және жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру бағытындағы жұмыстар жүргізілмек. Жаңа орталық ауыл тұрғындарының басын біріктіретін тағылымды мекенге айналуды мақсат етеді.
Көктау ауылындағы аналар мен қыз-келіншектер бірнеше жылдан бері елді мекеннің қоғамдық-мәдени өміріне белсенді үлес қосып келеді. Олар түрлі фестивальдер мен шығармашылық кездесулерге қатысып, қолөнер бағытындағы шеберлік сабақтарын ұйымдастыруда. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, отбасы құндылықтарын насихаттайтын тағылымды шаралардың ұйытқысы болып жүр. Енді «Дәстүрге жол» филиалының ашылуы олардың бастамаларын кеңейтіп, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.
Көктаудың қолөнер саласындағы танымал шеберлердің бірі — Айша Килишова. Оның қолынан шыққан көрпе-төсеніштер бүгінде ауылдағы көптеген отбасының төріне жайылады. Ұлттық нақыштағы бұйымдары тек ауыл көлемінде ғана емес, өңірден тыс жерлерде де жоғары бағаланып келеді.
— Азия және Африка елдерінің рекордтар кітабына енген көрпе дайындау жобасына қатыстым. Сол еңбегіміз үшін арнайы грамоталар мен сертификаттарға ие болдық. Бұл — біз үшін үлкен мәртебе. Тігін өнерін анамнан үйрендім, кейін бұл дәстүрді қыздарыма жалғастырдым. Олар да көрпе тігіп, ұлттық ою-өрнектердің маңызын жақсы түсінеді, — дейді Айша Килишова.
«Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Көктау ауылындағы филиалының жетекшісі Баян Аюпованың айтуынша, ауылдық Мәдениет үйінен арнайы жұмыс кабинеті жасақталған. Мұнда ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған кездесулер, шеберлік сабақтары мен мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар тұрғындарға қолөнердің қыр-сырын үйретіп, жастардың туған тарихы мен ұлттық болмысын тереңірек тануына жағдай жасалады.
