"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ МЕН ТӘЖІРИБЕ ҰШТАСТЫРЫЛДЫ

Құрылтай-2026

Ауданымызда алдағы Құрылтай науқанын жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында ұйымдастырушыларға арналған «2026 жылғы Құрылтайды ұйымдастыру мен өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздері» тақырыбында оқыту семинары өтті.

№7 Хромтау мектеп-гимназиясының акт залында өткен іс-шараға учаскелік құрылтай комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары, хатшылары мен мүшелері қатысты. Сондай-ақ семинардың жоғары деңгейде өтуіне «Жас сайлаушылар» клубының мүшелері белсенді атсалысты.

Семинардың басты мақсаты – құрылтайды өткізудің құқықтық негіздерін түсіндіру, ұйымдастырушылардың кәсіби даярлығын жетілдіру, практикалық дағдыларын нығайту және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету болды.

Оқыту семинарын аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Хасанов ашып, қатысушыларды алдағы маңызды науқанға жан-жақты дайындалудың маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде Хромтау ауданында Құрылтайды ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан дайындық жұмыстары, құрылтай учаскелерінің әзірлігі, заң талаптарын сақтау және комиссия мүшелерінің жауапкершілігі туралы кеңінен баяндады.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету болды. Бұл бағытта аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қият Махамбетов «Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын іске асыру үшін қолжетімді орта қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасап, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау, ақпараттық және инфрақұрылымдық қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

Сондай-ақ семинар барысында аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ақназар Дүйсембай қатысушыларға сайлау процесіндегі ақпараттық жұмыстарды ұйымдастыру, сайлау алдындағы үгіт жүргізудің заңнамалық талаптары, бұқаралық ақпарат құралдарымен және сайлау процесіне қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау тәртібі жөнінде жан-жақты түсіндірді.

Теориялық бөлімнен кейін қатысушылардың білімін бекіту мақсатында Quiz Time интерактивті викторинасы ұйымдастырылды. Қатысушылар сайлау заңнамасына қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады.

Семинардың практикалық бөлімі ерекше қызығушылық тудырды. Ұйымдастырушылар рөлдік ойындарға қатысып, сайлау процесінде туындауы мүмкін түрлі жағдаяттарды талдап, оларды заң аясында шешудің жолдарын қарастырды. Топтық талқылаулар барысында комиссия мүшелері тәжірибе алмасып, өзекті мәселелер бойынша пікірлерін ортаға салды. Практикалық сабақтарға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Хасанов, төраға орынбасары Ақназар Дүйсембай және комиссия хатшысы Қадиша Диярова жетекшілік етті.

Семинар соңында қатысушылар сайлау заңнамасы бойынша тест тапсырып, алған білімдерін қорытындылады. Оқыту барысында қатысушылар заңнамалық өзгерістермен танысып қана қоймай, нақты тәжірибелік тапсырмалар арқылы өздерінің кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды.

Іс-шараны қорытындылаған ұйымдастырушылар мұндай оқыту семинарлары құрылтайды заң талаптарына сәйкес, ашық әрі әділ ұйымдастыруға ықпал ететінін атап өтті. Қатысушылар өз кезегінде семинардың мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталғанын айтып, күнделікті жұмыста қолдануға болатын көптеген пайдалы мәлімет алғандарын жеткізді.

 

Ләззат ӘБДІРОВА