"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

КЕНШІ КҮШІ — ЕЛ ҚУАТЫ

Ауданымызда Кеншілер күніне арналған мерекелік іс-шара өтіп, жер қойнауының байлығын игеріп жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсетілді.

Тау-кен өндірісінің тірегі

Хромтау — кеншілердің еңбегімен тынысы кеңейген, өндіріс пен адам тағдыры қатар өрілген қала. Мұнда тау-кен саласы жай ғана кәсіп емес, талай отбасының өмір салтына, бірнеше ұрпақтың ортақ кәсібіне айналған. Сондықтан Кеншілер күні — аудан халқы үшін ерекше мәні бар мереке.
Биылғы кәсіби мереке «Белестерді бағындырып, ел болашағын құрамыз» деген мазмұнды ұранмен аталып өтті. Мерекелік кеште кеншілердің күнделікті еңбегі, өндірістегі жаңа технологиялар, ірі жобалар, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қолдау мәселелері сөз болып, үздік қызметкерлерге құрмет көрсетілді.
Кештің шымылдығы филармония солистерінің концерттік бағдарламасымен ашылды. Одан кейін сахнаға мерекелік шараның жүргізушілері Нұржан Оразов пен Ольга Спирина шығып, жұртшылықты кәсіби мерекемен құттықтады.
Кеш барысында бүгінгі тау-кен өндірісінің тек ауыр қол еңбегіне ғана емес, заманауи технология мен білікті маманға сүйенетіні айтылды. «Қазір цифрландыру дәуірі жүріп жатыр. Бұл үдеріс тек кеңсе мен ақпараттық технология саласында ғана емес, жердің терең қойнауында да көрініс тауып отыр. Ақылды техника, автоматтандырылған жүйелер, жаңа өндірістік шешімдер — мұның бәрі кеншілердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, өндіріс тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда ең озық технологияның өзі адамсыз жұмыс істей алмайды. Кез келген техниканың артында оны меңгерген, басқаратын, дұрыс шешім қабылдайтын маман тұр. Сондықтан кеншінің кәсіби білімі, тәжірибесі, жауапкершілігі мен батылдығы қашанда басты орында., — деді кеш жүргізушілері.
Мерекелік шарада аудан әкімі Нұрхан Тілеұмұратов кеншілерді кәсіби мерекемен құттықтап, ауданның тау-кен өнеркәсібіндегі орнына тоқталды.Бүгінде ауданда ірі тау-кен өндіруші кәсіпорындар — «Дөң тау-
кен байыту комбинаты», «Восход-Ориел», «Ақтөбе мыс
компаниясы» жұмыс істейді.
Бүгінде ERG компаниясы аудан экономикасының дамуында
маңызды рөл атқарады.
ERG компаниясы өзінің бүкіл қызметі барысында
ауданымыздың, оның ішінде Хромтау қаласының әлеуметтік-
экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Өткен жылы 400
орындық мәдениет үйінің құрылысын жүргізсе, ағымдағы жылы
жабық жүзу бассейнінің құрылысын жүзеге асыруда. Сонымен қатар,
басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырып келеді.
Бүгінде Дөң тау-кен байыту комбинатында және оның
айналасында 10 мыңға жуық адам еңбек етіп келеді. Олар
кәсіпорынның дамуына елеулі үлес қосып жүрген жоғары білікті
мамандар.
Өткен жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланып,
бұл сіздердің еңбектеріңіздің маңыздылығы мен мәртебесін тағы бір
мәрте айқындады.
Кеншілер күні — күн сайын қауіпті жағдайда еңбек етіп, кәсіби
білімімен, табандылығымен және жанқиярлығымен ерекшеленетін
жандардың шеберлігі мен қайсарлығының символы.
Тау-кен өнеркәсібінің барлық қызметкерлеріне қажырлы еңбегі,
жоғары кәсібилігі және өз ісіне деген адалдығы үшін шынайы
алғысымды білдіремін. Саланың ардагерлеріне де ерекше
ризашылығымды білдіремін. Сіздер өз еңбектеріңізбен бүгінгі
жетістіктердің берік негізін қалап, кейінгі ұрпаққа баға жетпес
тәжірибелеріңізді табыстадыңыздар.
Барша қызметкерлерге дендерінізге саулық,отбасыларыңызға
амандық, шаңырақтарыңызға бақ-береке, әрбір жұмыс орнында
қауіпсіздік және жаңа еңбек жетістіктерін тілеймін!
Мерекелеріңізбен, Кеншілер күні құтты болсын, — деді аудан әкімі.

Еңбегі еленген азаматтар

Кеншілер күні — еңбек адамын ұлықтайтын күн. Сондықтан мерекелік кештің маңызды бөлігі марапаттау рәсіміне арналды.
Өз ісіне адалдығымен, кәсіби шеберлігімен көзге түскен бір топ қызметкерге аудан әкімінің және басқа да марапаттар табысталды. Олардың арасында көп жыл бойы өндірісте еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар да, өз кәсібіне енді қадам басқан жас қызметкерлер де бар.
Кеш жүргізушілерінің айтуынша, әр марапаттың артында жылдар бойғы еңбек жатыр. «Кеншінің жұмысы — сырт көзге көріне бермейтін, бірақ үлкен жауапкершілікті қажет ететін кәсіп. Жер астындағы әр ауысымның өз тәртібі, өз қиындығы бар. Сол себепті кенші үшін тәжірибе мен тәртіп, қауіпсіздік пен жауапкершілік ерекше маңызды», — деді олар.
Салтанатты шарада «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ бас директоры Ержан Абдулабеков, Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Бауыржан Өтемісов, сондай-ақ комбинаттың кәсіподақ комитетінің төрағасы Елтай Өтеғұловтар кеншілер мен үздік қызметкерлерді марапаттады.

Жаңа шахта — жаңа мүмкіндіктер

Кеш барысында «Болашақ» шахтасы туралы да кеңінен сөз болды. Бұл — Хромтау үшін ғана емес, еліміздің тау-кен өнеркәсібі үшін де маңызды жобалардың бірі.
2024 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген «Болашақ» шахтасының жобалық қуаты жылына 7,5 миллион тоннаға дейін хром кенін өндіруге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыруға ERG тарапынан бір триллион теңгеден астам инвестиция салынған. Мұндай ауқымды жоба — өндірістің болашағына жасалған үлкен қадам. Шахтада заманауи техника мен жаңа технологиялар енгізіліп, өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға басымдық беріліп отыр.
Биыл ақпан айынан бастап «Болашақ» шахтасына жаңа тау-кен көлік кешенінің заманауи жабдықтары жеткізіле бастады. Олардың кейбір түрлері елімізде алғаш рет қолданылып отыр.

Өндіріс пен экология қатар жүреді

Қазіргі таңда тау-кен саласы үшін өндіріс көлемін арттырумен қатар, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау да маңызды.
Осы бағытта «ERG Green» фабрикасының жұмысы ерекше мәнге ие. Жоба жылдар бойы жиналған өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған.
2025 жылы хромды өндірістік қалдықтардан бөліп алуға арналған флотациялық учаске іске қосылды. Бұл — хром өндірісінде сирек кездесетін технологиялық шешімдердің бірі. Яғни бүгінгі өндіріс тек «қазу және өндіру» қағидатымен шектелмейді. Кенді тиімді пайдалану, қалдық көлемін азайту, бұрынғы қалдықтардан пайдалы компоненттерді қайта алу — заманауи тау-кен өнеркәсібінің маңызды бағыты.

Өндірістің өз жұлдыздары

Мерекелік кеште жер астында домбыра тартып, өнер көрсеткен кеншілер туралы бейнероликтің көрсетілуі — көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ мерекелік шарада еңбек қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Тау-кен өндірісінде қауіпсіздік — бірінші орында тұратын талап. Себебі өндірістегі кез келген көрсеткіштен, кез келген жоспардан адам өмірі қымбат.
Кенші үшін ауысымға аман барып, үйіне аман оралу — ең үлкен жетістік. Сондықтан кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру, қызметкерлердің денсаулығы мен әл-ауқатына қамқорлық жасау маңызды бағыт болып қала береді.
Кеншілер күні тек ресми марапаттармен ғана шектелген жоқ. Мерекелік кеште өнер көрсеткендердің арасында Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері де болды. Сахнаға шыққан өндіріс мамандары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Олар күнделікті жұмыс орнында өз міндетін абыроймен атқарса, мерекелік кеште өнерлерімен көпшілікке көңіл күй сыйлады.
Бағдарламада әлемдік музыкадан танымал композициялар, отандық эстрада әндері, би қойылымдары мен арнайы дайындалған музыкалық нөмірлер орындалды.
Кештің концерттік бөлігінде Yenlik, Қайрат Баекенов пен «Формат» тобы, Нұржан Керменбаев, Мирас Жүгінісов секілді өнер иелері ән шырқап, мерекелік көңіл күйді одан әрі көтерді.

Ләззат Әбдірова