"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ҚоғамМәдениет

АЛАМАН АЙТЫСТЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

Өңірімізде ұлттық өнер ұлықталып, құндылықтарымыз дәріптелді. Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының жоспарына сәйкес Кеншілер мәдениет үйінде өңіріміздің біртуар перзенті Әкімәлі Қаржауовқа арналған «Сұрасаң, менің атым — Әкімәлі, Бақ қонса, ердің сөзі бәтуалы…» атты облыстық ақындар айтысы өтті.  Дүбірлі дода аудан әкімдігінен қолдау тапқан. Сүбелі сөз өнерімен сусындататын жыр додасында 10 айтыскер ақын бақ сынасты. Айтыс шымылдығын аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аламан айтыстың тізгінін мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыскер ақын Марат Ахметов ұстады.

Бағы мен бабы келіскен ақындарға аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Айбол Сағынжанұлы, айтыскер ақын Орал-Қосай Бәйсеңгір мен белгілі ақын Оралбай Кәметия төрелік етті. Аузымен құс тістеген кіл жүйріктердің суырып салмалылығына куә болу үшін өлкетанушы Баянғали Құлтаев, облыстық «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ботағарин, облыстық «Қазақ тілі» қоғамдастығының төрағасы Роман Рахиев және ақын Әкімәлі Қаржауовтың ұрпақтары қонаққа келді.

Айтыстың  бас жүлдесін шалқарлық ақын Аруна Керімбек жеңіп алды. Жұбымен астарлы әзілдей отыра, тыңдарманды қайын іні мен жеңгенің әдемі айтысына қарық еткен ақын қызға халық риза болды. Ал тартысқа толы доданың жүлделі бірінші орыны Темірден келген Нартай Тілеуқұлға, екінші орын Әйтеке би ауданының намысын қорғаған Қайырхан Жұбаниязовқа, үшінші орын Хромтаудың үмітін үкілеген Жұлдыз Қожабековаға бұйырды. Өзге ақындар Хромтау өңірінен шыққан тарихи тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің атынан дайындалған арнайы сертификаттарға ие болды.

Бекқұл баба атындағы арнайы сыйдың иегері атанған Айболат Көшкенбай: «Хромтау ауданы әкімдігіне, мәдениет бөліміне және осы айтыстың ұйымдастырылуына ұйытқы болған жандарға алғысымды білдіргім келеді. Айтыс болғасын аудан ішіндегі мәселелерді әзіл араластыра отырып қозғадық, хромтаулықтар осының бәрін ерекше көтере білді, көкейіндегі шындықты жүзі бұзылмай тыңдады. Осы үшін Хромтау халқына ризашылығымды айтамын», — деді.

Сөз бәйгесіне арнайы шақырылған Әкімәлі Қаржауовтың ұрпақтары айтыс өнерін тамашалауға келген барша көрерменге ыстық ықыласын білдірді. Жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде Марал Әкімәліұлының қыздары Күләш пен Мәриям ерекше көзге түскен ақындарға және айтыс ұйымдастырушыларына Алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.

Толғанай ЕСБОЛСЫН

ПІКІР ЖАЗУ