"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

АРДАГЕРЛЕР МЕРГЕНДЕР САЙЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

№7 Хромтау мектеп-гимназиясында «Германиядағы кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы ардагерлері» республикалық қоғамдық кеңесінің аудандық ардагерлер кеңесі мүшелерінің бас қосуы өтті.

Кездесуде қариялар әскердегі өмірді еске алып, жастық шақтарын сөз етті. Басқосудың тағы бір мақсаты — аталған ұйымның жылдық жоспарын бекіту болды. Аудандық кеңес төрағасы Серік Ізтілеуовтің айтуынша, жас ұрпаққа саналы білім мен тәрбие беруде ұстаздарға бірден-бір жәрдем беретіндер — осындай қоғамдық бірлестік ұжымдары. Сондықтан, ардагерлерге мерекелерде, осындай даталарда ғана бас қоспай, бала тәрбиесі сияқты өзекті тақырыптарға арқау болатын шараларда белсенділік таныту жайы айтылды.

Жиыннан соң ардагерлер өзара пневматикалық мылтық атудан «мергендер» сайысын ұйымдастырды. Сайысқа аталған кеңес мүшелерінен бөлек, аудандық ардагер ұстаздар кеңесінен де қатысушылар болды. Тартысты өткен сайыс нәтижесінде бас жүлдені Серік Ізтілеуов қанжығаласа, екінші орынді Алмат Көшмағанбетов, жүлделі үшінші орынды Нұран Көлбаев иеленді.

Шара соңында Серік Ізтілеуов барлық ардагерлерге алғысын білдіріп, алдағы уақытта мұндай басқосуды жиі ұйымдастыруды қолға алатынын айтты.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ