"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Хабарландыру

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРІНІҢ НАЗАРЛАРЫНА!

Хромтау ауданында өткен жылдан бастап шегірткенің көбеюі және жалпылама таралуы анықталды. Әрбір 10-12 жыл, циклділікке байланысты, шегірткелердің жоғарылауы және жалпылама таралуы байқалады. Шегірткелердің екі түрі бар: итальяндық шегірткелер (үйірлі шегірткелер) және саяқ шегірткелер (дара шегірткелер).

Былтыр итальяндық шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 30050 га жерге жүргізілді. Сондай-ақ, Хромтау ауданы бойынша итальяндық шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары Тасөткел, Қопа, Бөгетсай, Аққұдық, Құдықсай, Табантал ауылдық округтерінде жасалды. Шекаралас аймақтармен, көршілес Ресей Федерациясымен бірлескен екіжақты тексерістер өткізілді.

Шегірткелердің дернәсілдері көктемде, 25-30 мамырда, ауа райына байланысты күбіршіктердің жұмыртқаларынан шығады. Дернәсілдердің 5 жасы бар: әрбір жасы 10-12 күн. Итальяндық  шегірткелердің дернәсілдері бір, екі, үш жастағы дернәсілдері қара түсті болады, ұшпайды, жүреді. Төрт, бес жастағы дернәсілдер сары, қоңырлау түсте болады, секіреді. Шілденің 10-15-нен бастап ересек шегірткелер — имаго ұшады, сары түсті, қанаттары қызыл түсті болады. Тамыздың 10-15-нен бастап шағылысу және жұмыртқа салу науқаны басталады. Аналығы үлкендеу, бір аналық 2-3 күбіршекті салады, бір күбіршікте — 30-120 жұмыртқасы бар. Жұмыртқа салғаннан кейін ұрғашы шегірткенің тіршілігі тоқтайды, аталығы кішкентайлау, шамалы ұшып, тамыздың 30-на дейін өледі. Саяқ шегірткелердің дернәсілдері және ересек жастағылары қоңыр түсте болады.

Итальяндық шегірткелер бір шаршы метрде 3-тен көп болса және саяқ шегірткесі бір шаршы метрде — 8-10-нан көп болса, ЭЗШ (экономикалық зияндылық шегі) болып саналады және химиялық өңдеу жұмыстары жасалады.

Биыл зерттеу жұмыстары бойынша, итальяндық  шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 75275 гектар көлемінде болжам жасалды. Саяқ шегірткесіне қарсы былтыр Бөгетсай ауылдық округінде 1025 га көлемге, химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылға саяқ шегірткесіне қарсы 3495 гектар көлемінде (Ақжар, Бөгетсай, Құдықсай, Тассай, Табантал, Тасөткел ауылдық округтерінде) болжам жасалды. Шегірткелермен күресу шараларын тез арада және бірлесіп жасау керек.

Н.ӘЛМҰРАТОВ,
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің
Хромтау аудандық аумақтық инспекциясының басшысы

 

ПІКІР ЖАЗУ