"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
АуылСпорт

АУЫЛ ЖАСТАРЫ ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ЖАРЫСТЫ

Бөгетсай ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Спорт — біздің серігіміз» атты ауыл жастары арасында үстел теннисінен жарыс өткізілді. Жарыстың басты мақсаты — бұқаралық спорт түрлері арқылы ауыл жастарын салауатты өмір салтын ұстануға бейімдеу, әрі бос уақыттарын тиімді пайдалану. Спортқа қызығушылық танытқан ауыл жастарының басын қосқан доданың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген ауылдық мәдениет үйінің бөлім басшысы Жаңаберген Токин спортшыларға сәттілік тіледі.

—  Үстел теннисі — жылдамдықты талап ететін эстетикалық спорт түрі. Бұл додада бабы мен бағы келісіп, үздік болған спортшы аудандық кезеңде ауыл намысын қорғамақ, — деді Ж.Токин.

Ауылдағы жаңадан ашылған спорт кешенінде бұқаралық спорт түрлері бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Жарысты жүргізген Әсемгүл Сүйіналинаның айтуынша, үстел теннисіне қызығушылық танытатын ауыл жастары көп.

Жарыс қорытындысы бойынша барлық қарсыласты айқын басымдықпен ұтқан Жақсат Сарыбайұлы бас жүлдені иеленді. Асылбек Оразымбетов күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал жүлделі үшінші орынға Ерсұлтан Қуандықов ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мадақтама мен естелік сыйлықтар табысталды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ