"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
АуылМәдениет

ЕСКІ ДЕ ЕСТІ ӘНДЕР ШЫРҚАЛДЫ

Ақжар ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары орталық саябақта әнсүйер қауымға арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырды.

Ашық аспан астында өткен «Сағындырған әндер-ай» атты кеште әртүрлі әндер шырқалып, ауыл өнерпаздары көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Сахнада алғашқы болып Роза Ерғазина өнер көрсетті. Көпке танымал «Аққу арман» және «Беу, дүние» әндерін орындап, тыңдаушыларды өз өнерімен таңғалдырды. Ауылдың құрметті азаматы, ардагер Қуаныш Озғанов кештің алғысөзін сөйлеп, осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.

— Қазақ — ән мен күйге жаны жақын халық. Ауылдық мәдениет үйі ұйымдастырған іс-шара — бізді өткен күндерге оралтып, рухани байлығымызды арттырады. Мұндай кештер ауылымыздың мәдениетін байытады, жастардың музыкаға деген сүйіспеншілігін оятады. Барлық қатысушыларға және ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, — деді ауыл ақсақалы.

Ән кешін Жасқайрат Баймұратов «Ағаларым» және «16 қыз» әндерімен жалғастырды. Ақжар мәдениет үйінің әншісі Жанаргүл Ермұханова «Әнім сен едің» және «Ана туралы жыр» әндерін шырқап, анаға деген махаббатты сезіндірді.

Ескі, есті әндерді сүйетін жандар үшін бұл кеш ерекше болды. Кеш барысында Аслан Досболов «Көктемге хат» және «Өзіңді аңсап» әндерін орындады. Әсем әуендермен сусындаған көрермендер рухани байлыққа кенелді.

Ауыл тұрғындарының көңілін көтеру үшін ұйымдастырылған «Сағындырған әндер-ай» өзінің мақсатына жетті. Осындай әдемі ән кештері жаз бойы жалғаспақ.

Толғанай ЕСБОЛСЫН

 

ПІКІР ЖАЗУ