"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Ауыл

ТАССАЙДА ТӨРТ КӨШЕ АСФАЛЬТТАЛАДЫ

Тассай ауылында жергілікті депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, ауыл әкімдері мен тұрғындардың қатысуымен аудандық мәслихаттың көшпелі отырысы өтті.

Жиында Тассай ауылдық округінің әкімі Ербол Әбдіров округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

— Тассай ауылдық округі бойынша әлеуметтік жағдай тұрақты. Округте өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған, көгілдір отынмен, ауыз сумен, интернет, ұялы байланыспен қамтылған. Ақжар-Тассай бағытындағы кіреберіс тасжолдың 29 шақырымы жөнделді, — деді округ әкімі.

Биыл Тассай ауылдық округінде аула саны — 163, халық саны — 521 адам. Округ Тассай және Көкпекті ауылдарынан құралады. Жиында ауыл әкімі білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары бойынша атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып, алдағы міндеттер жайын айтты. Соның бірі — ауылішілік көшелерді асфальттау. Әлі де болса ауылдағы 4 көшеге асфальт жабындысын төсеу қажет. Сонымен қатар Тассайдағы футбол алаңына жөндеу жүргізу, жүгіру жолағын, би алаңын салу жұмыстары да жоспарланған. «Атқарылған жұмыстар аз емес, жасайтын жұмыс одан да көп», — деді ауыл әкімі.

Басқосуда ауыл тұрғыны Юрий Юревич те өзінің ұсыныстарын айтып, Тассайды туристік мекен ретінде дамытса, жастарға да жұмыс орындары ашылып, ауылдың экономикалық жағдайында біршама алға басу болатынын жеткізді. Сондай-ақ жиынға қатысқан өзге де тассайлықтар өзара пікір алмасып, ауылдың болашақтағы даму жоспарларына байланысты пікірлерін білдірді. Мәселен, тұрғындар ауылдың орталығында салынып жатқан жаңа саябақ аумағында жастарға арналған демалыс орталығын ашуды ұсынды. Бұл бастама бос уақытты тиімді өткізудің мүмкіндігін арттырады деп есептейді.

Жиынды аудандық мәслихат төрағасы Елмұрат Болатов қорытындылап, алдағы уақытта тұрғындардың ұсыныстарын ауылдық округ депутаты Мәлік Ибатовпен бірлесе талқыға салатынын жеткізді.

Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ

ПІКІР ЖАЗУ