"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Ауыл

ҚОПАДА ИНЖЕНЕРЛІК ЖЕЛІЛЕРДІ КЕШЕНДІ ДАМЫТУ ҚАЖЕТ

Қопа ауылында аудандық мәслихаттың көшпелі отырысы өтті. Жиынға аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Б.Ашабаев, аудандық мәслихат депутаттары, Қопа ауылдық округінің әкімі, ауылдық округтің жергілікті қоғамдастық кеңесінің төрағасы мен мүшелері және ауыл тұрғындары қатысты.

Жиынның күн тәртібінде Қопа ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі қаралды. Бұл туралы Қопа ауылдық округінің әкімі Айгүл Бусурманованың баяндамасы тыңдалды.

Ауылдық округ орталығы — Қопа ауылы Ақтөбе қаласынан 150 шақырым және Хромтау қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдық округ 2 аумақтық бөлініске бөлінген. Олар — Қопа және Тамды ауылдары. Қазір округ бойынша 1258 адам, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны — 447 адам, мектепке дейінгі балалар саны — 133, мектеп жасындағы — 205,  зейнеткерлер —128, мүгедектер — 32. Жұмыссыздар саны — 5, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — 29.

Ауылдық округ аумағы — 223 мың гектар. 19 шаруа қожалығы, 6 дүкен, 12 жеке кәсіпкер, 1 серіктестік тіркелген. Ауылда әлеуметтік мекемелер жұмыс жасайды.

Округ әкімінің айтуынша, өткен жылы да, биыл да аймақта жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

— Қопа ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуын көтеру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша былтыр 4 жоба, яғни 4 адам 16 миллион 405 мың теңге көлемінде несие алып, өз кәсіптерін бастады. Осындай жобаның нәтижесінде ауылымызда жем тарту цехы, жылыжай, сүт өнімдерін өңдеу және тігін цехы іске жұмыс жасап жатыр, — деді А.Бусурманова.

Жиын барысында жыл соңына дейін атқарылатын жұмыстардың жайы да талқыланды. Сонымен қатар келер жылы іске асырылатын жоспарлы жұмыстар айтылды. Олардың қатарында Қопа және Тамды ауылдары аралығындағы Ор өзеніне көпір салу мәселесі де бар.

Жиын барысында ауыл тұрғындарының өтініш-тілектері тыңдалды.

Қопалықтардың шашбауын көтеріп жүрген ауылдық округ депутаты Мақсат Серғазин жақын арада амбулаториялық орталыққа білікті дәрігер мен жаңа медбике келетінін айтып, денсаулық жағдайлары үшін алаңдаған қариялардың көңілін бірледі.

Отырыста Қопа ауылдық округі бойынша өсудің оң динамикасына және барлық қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдардың болуына қарамастан, ауылдағы өмір сүру жағдайлары инженерлік инфрақұрылымды кешенді және егжей-тегжейлі дамытуды талап ететіні айтылды.

Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ

ПІКІР ЖАЗУ