"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Спорт

Біздің мақтанышымыз — Мәдина


Волейбол – жергілікті оқушылар арасында кең тараған спорт түрі. Жас волейболшылар алдымен еліміздегі дүбірлі додаларда топ жарып, кейін әлемдік чемпионаттарда ел намысын абыроймен қорғап келеді. Халықаралық жарыстарда екі жыл қатарынан «Үздік либеро» атанып, аудан мақтанышына айналған Мадина Бекет – сондай волейболшылардың бірі де бірегейі .

Мадина 1999 жылы Хромтау қаласында дүниеге келген. Ол №2 Хромтау мектеп-гимназиясында оқыған. Волейболға жасөспірім шағында қызығушылық танытып, үйірмеге қатыса бастаған.

 

– Мен өзіме жақын істі ұзақ іздеп, әртүрлі үйірмелерге қатысып көрдім. Бірақ ешқайсын ұната қоймай, өз бағытымды тапқым келді. Ізденіс үстінде жүргенімде мектебімізге жаттықтырушы Дәурен Молдашев келіп, волейбол үйірмесі жайында ақпарат берді. Мен үйірмеге барып көруге шешім қабылдадым. Жаттығуларға кірісіп, көптеген жарыстарға қатыстық, жүлделі орындарға иелендік. Дәурен Молдашевтан кейін бізді Ринад Ергазин жетеледі. Он жеті жасқа келгенімде жаттықтырушым мені Өскемен қаласына «Алтай» командасына іріктеу кезеңіне жіберді. Одан сәтті өтіп, команда сапына қосылдым, – дейді спортшы.

 

Жай ғана қызығушылықтан басталған волейбол ойыны бірте-бірте кейіпкеріміздің өмірлік ісіне айналды. Ол ұлттық құрамаға қосылып, кәсіби спортшылардың қатарынан орын тапты. Балалар командасында  болған жасөспірім волейбол саңлақтарының арасында өнер көрсетуге бірден үйренісіп кетпеді. Бірақ үздіксіз жаттығулар мен тегеурінді табандылықтың арқасында жерлесіміз олармен иық тіресіп қана қоймай, «Алтай» волейбол клубының алдыңғы қатарлы спортшыларының бірі атанды.

– Бастапқыда сәл жатырқадым. Өйткені ұлттық құрамада жаттығулардан бастап ойынның деңгейіне дейін өзгеше еді. Алайда көп ұзамай барлығы ретке келді. Жасы үлкен қыздар білмегенімді үйретіп, көмек берді. Менің ең алғашқы шетелге шығуым Вьетнам елінен басталды. Біз турнирге барған едік. Одан жеңіліп қалдық. Бірақ мол тәжірибе жинап, тың күшпен алдыға ұмтылып, басқа да жарыстарға дайындықты бастап кеттік. Сөйтіп Азия чемпионатының да уақыты келіп жетті. Чемпионатта турнирге қарағанда әлдеқайда жақсы нәтиже көрсеттік. Оған дейін қосалқы құрамада болсақ, сол жарыстан кейін бізді ұлттық құрамаға қосты. Қуанышымызда шек болмады, – дейді волейболшы.

Мадина – либеро ойыншы. Яғни ол ойын кезінде қорғаныс позицияларына жауапты. Либеро қарсылас командалардың шабуылы кезінде басқа ойыншыларға қарағанда допты көбірек қабылдап, өз командасындағы ойыншыларға кезекті шабуылды оңтайлы, барынша ыңғайлы құруға болатындай етіп бағыттайды.  Яғни либеро ойыншылары қабылдау техникасын жетік меңгерген, ойын барысында аса қырағы болуы тиіс. Мадина – осындай жауапты міндетті мінсіз орындап жүрген спортшы. Бұл жайында чемпионаттар барысында «Қазспорт» тілшілері де жиі айтып отырады. Мәселен, ағымдағы жылы Вьетнам елінде өткен Азия чемпионатында тілшілердің бірі Мадина жайында: «Мен Мадинаны үздік ойыншылардың бірі деп атар едім. Өйткені ол бірінші сетте ғана емес, екінші сетте де ауыр доптарды көтеріп жатыр. Либеро ойыншылардың допты соқпайтыны белгілі. Бірақ либеролар туралы спортта «Рояль аспабында ойнамаса да, оны көтеріп жүргендер» дейді. Мадина да дәл сондай міндетті атқарып жүр деуге болады. Ол ойын кезінде қара жұмысты жасайды. Сондықтан оны сөзсіз үздік ойыншы деуге болады», – деген пікір білдірді. Айта кетерлігі, бұл тілшінің пікірі ғана емес. Мадина шынында да «Қазақстанның үздік либеросы – 2021» , «Азия чемпионатының үздік либеросы – 2021», «Қазақстанның үздік либеросы – 2022» атақтарының иегері.

Мадинаның инстаграм парақшасында он екі мыңнан астам оқырманы бар. Оның басым көпшілігі спортшының шет елдік және қазақстандық жанкүйерлері.

 

 

 

– Біз жыл сайын шет елдегі жарыстарға барып тұрамыз айтқанда, Тайланд, Нидерланд, Польша, Түркия, Ресей, Украина, Вьетнам елдерінде болдық. Әр жарыс сайын жанкүйерлерімнің саны артып отырады. Вьетнамға ең бірінші рет барғанымда инстаграм парақшама 1500 адам қосылды. Кейін чемпионаттардың бірінен кейін алаңсыз келе жатқанымда кенеттен маған қарай бір топ адам ұмтылды. Әуелде таңырқап қалып, кейін олардың суретке түсу үшін келгенін түсіндім. Қолымда кофе мен алма болатын. Суреттердің барлығына сол күйімде түсіп шықтым, – дейді ол.

Сөз арасында волейболшы бұдан әрі қарай да кәсіби спортпен шұғылдануды жалғастыратынын айтты. Талантты спортшы әлемдік жарыстарда көк байрағымызды желбірету үшін  алдыға ұмтыла бермек.

– Жоспарымда жаттықтырушы болу немесе басқа салаға ауысу жоқ. Волейболшылар өз-өзіне жақсы күтім жасап, жаттығуларын жүйелі орындай берсе және ойын барысында ешқандай жарақат алмаса, бұл спорт түрін қырық жасқа дейін жалғастыра алады. Волейбол – менің сүйікті ісім. Сондықтан оған бар күш-жігерімді саламын. Бір қызығы, жарыс кезінде әлемнің қай нүктесінде болсам да, Хромтауға оралғым келіп тұрады. Волейболдан қалай алыстамайтын болсам, туған жерімнен де жыраққа кеткім келмейді. Еңбек демаластарын да Хромтауымда өткіземін, – дейді Мадина.

Ж. Нұрболатқызы

Қызық дерек

  1. Волейбол ойынын 1895 жылы денешынықтыру пәнінің мұғалімі Уильям Морган ойлап тапқан. Бірақ Морган оған патент алмаған.
  2. Волейбол «ұшатын доп» деген мағынаны береді.
  3. Допты кәсіби волейболшы лақтырса, оның жылдамдығы 130 километр/сағатқа жетеді.
  4. Волейболдан қарсылар командалар арасындағы ең үлкен есеп – 25:1 (Тайланд – Бангладеш). Ол 2009 жылы Накхомпатхом қаласында әйелдер арасындағы турнирдің бірінші және екінші сеттерінде тіркелді.
  5. Волейболдың түрлері көп. Атап айтсақ, жағажай  волейболы, миниволейбол, перекидбол(пионербол),  судағы  волейбол,  кертнбол, сепактакрау, фаустбол.
  6. Волейбол олимпиада ойындарының бағдарламасына 1964 жылы енгізілген. Алғашқы чемпион – КСРО-ның ерлер құрамасы.
  7. Волейбол уақытқа емес, нәтижеге ойналады.

 

ПІКІР ЖАЗУ